23 наурыз бен 5 сәуір аралығында теннистен "Miami Open" турнирі жалауын көтереді. Байрақты бәсекеде қазақстандық теннисшілер де бақ сынайды. Америкада тұрып жатқан 17 жасар теннисші Мария Шишкина аталған турнирге Қазақстан атынан қатысады.
Мария Шишкина 1998 жылы Қазақстанда дүниеге келіп, жеті жасында ата-анасымен бірге Флорида штатына қоныс аударған. АҚШ-қа барғаннан кейін Ник Боллетьери атындағы теннис академиясында (IMG Bollettieri Tennis Academy) тәлім алады. 1978 жылы құрылған академиядан Андре Агасси, Моника Сейлс, Джим Курье, Томми Хаас, Мария Шарапова және Николь Вайдишева сынды үздік теннисшілер түлеп ұшқан.
Анасы Марина Қазақстанда ұзақ жылдар бойы альпинизммен айналысқан, ал, әкесі Игорь Шишкин – кәсіпқой балуан.
Мария алғаш 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Эдди Херр атындағы мәртебелі турнирде жеңімпаз атанады. Академия басшылары бұдан кейін балғын теннисшінің болашағынан үлкен үміт күте бастайды.
Әйгілі америкалық бапкер Ник Боллетьери Мария туралы: "Бұл өте ерекше қыз. Шабуылы дайын тұратын жыртқыш аң секілді. Оның есімін естеріңде сақтап қалыңдар. Ойы жинақы, бар назарын соққыға аударатыны көрініп тұр. Оң жақпен де, сол жақпен де жақсы жұмыс істейді. Трэйси Остиннің ширақ қимылын тек осы қыз ғана қайталай алады. Аяқтары өте епті әрі шапшаң қимылдайды. Бұл бала өз жасындағы ойыншылардың алды десе де болады. Тіпті мықты ойыншы дер едім!" деген екен.
АҚШ мамандары оны "екінші Мария Шарапова" деп атап, жоғары бағалаған. Тіпті, америкалық компаниялар Мария туралы қысқаметражды фильм түсіріп үлгерген. Бұған дейін апалы-сіңілі Винус және Серене Уильямс, желаяқ Усейн Болт және гольфшы Тайгер Вудс туралы фильм түсірілгенін ескерсек, жас теннисшіге америкалықтардың назары бекер аумасы анық.
Мария Шишкина Майамидегі жарыста ересектер арасында алғаш рет бәсекеге түспек. Ол турнирді бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Қарсыласы – 22 жастағы неміс теннисшісі Татьяна Мария.
Сондай-ақ, өзге де қазақстандық теннисшілердің алғашқы қарсыласы белгілі болды. Бұл сынды екінші кезеңнен бастайтын еліміздің бірінші ракеткесы Зарина Диас нидерландық Инде де Врум мен Сиси Велич жұбының жеңімпазымен кездеседі. Зарина турнирдің 29-шы ракеткасы саналады. Жерлесіміз келесі кезеңге өтсе, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямспен қайта жолығуы мүмкін. Бұл орайда америкалық теннисші екінші кезеңнен оңай өтуге тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, Зарина мен Серена өткен аптада Индиан-Уэллс теннис турнирінің үшінші кезеңінде кездескен болатын. 55 минутқа созылған ойын 6:2, 6:0 есебімен америкалық теннисшінің пайдасына шешілді.
Жарақатына байланысты Индиан-Уэллс турниріне қатыса алмаған Ярослава Шведова бірінші айналымнан бастап кордқа шығады. Ол швециялық теннисші Джоанна Ларссонмен күш сынасады. Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жарысты іріктеу кезеңінен бастайды.
Ерлер бәсекесінде Андрей Голубев пен Михаил Кукушкин ел намысын қорғайды. Олардың қарсыласы әлі анықталған жоқ.
"Miami Open" турнирінің жүлде қоры 6 млн доллардан асады. Жарыс 23 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтеді.
Сурет: alaman.kz, vk.com/maria_shishkina_com