2005 жылғы «Алтын доп» иегері, әлемнің танымал ала доп шеберлерінің бірі Роналдиньо араға екі жыл салып Еуропаға қайта оралмақ.
Футболшы мен «Атлетико Минейро» клубы арасындағы келісімшарт аяқталды. Қазіргі таңда бразилиялық ашық кеңістікте тұр. Ағасы әрі агенті болып қызмет атқаратын Роберто Ассис Роналдиньоны «Бешикташ» клубында өнер көрсетуі мүмкін деп мәлімдеуде. Өйткені түркиялық ұжым екі жылдан бері футболшыға ұсыныс жасап келе жатқан көрінеді. Егер Роналдиньо «Бешикташқа» ауысар болса, жылына 6 миллион евро көлемінде қаржыға кенеліп, түрік Суперлигасындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншыға айналмақ. Команда мен футболшы екіжылдық келісімшартқа қол қоймақ. Дегенмен түркиялық клуб демеуші қарастыруда.
Естеріңізге сала кетсек, Роналдиньо Оңтүстік Америкада 2013 жылдың үздік футболшысы атанған болатын. Өткен маусымда Либертадорес Кубогын иеленсе, клубтық Әлем чемпионатында қолa жүлдеге қол жеткізді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru