Паратаеквондодан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Өмірәлі Нышан Елубайұлы 31 жасында өмірден озды. Бұл туралы Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Facebook желісіндегі ресми парақшасы хабарлады.
Нышан Өмірәлі – Тараз қаласының тумасы еді. 17 жасынан бастап спортпен айналысып, бүгінге дейін екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия ойындарының және көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері.
«Нышанның артында жары мен үш баласы қалды. Ағайын, туған-туыстары мен барша жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген орталық таратқан мәліметте.
Паратаеквондошы 2021 жылы Токиода, жазда Парижде өткен Паралимпиада ойындарына қатысты. 80 келі салмақ дәрежесінде К44 санаты бойынша қола медаль үшін күресте Иран өкілі Хагшенас Хамедке жол берген еді.