Е.Ибраимов қазақстандық боксшылардың алдағы кездесулері жөнінде...

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Е.Ибраимов қазақстандық боксшылардың алдағы кездесулері жөнінде...

Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы және Қазақстан құрама командасының бұрынғы бас бапкері Ермахан Ибраимов қазақстандық боксшылар Бейбіт Шүменов пен Геннадий Головкиннің кезекті кездесулері жөніндегі пікірін Vesti.kz тілшісімен бөлісе кетіпті.

БӨЛІСУ

Бейбіт Шүменов пен Бернард Хопкинс арасындағы кездесуге байланысты:  

- Меніңше, Шүменовке қарсы кездесуде Хопкинстің жеңіске жетуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бейбіттің жағында оның жасы мен жылдамдығы болатыны сөзсіз. Егер Хопкинс кем дегенде он раундқа төтеп берер болса, ол үшін бұл жетістік деп санаймын. Бернардтың бай тәжірибесі оған мүлдем көмектеспейді: ол қазір бұрынғыға қарағанда тым баяу қозғалады. Оған бокстан кететін кез баяғыда-ақ келген. Оны рингте тек коммерциялық жақтың ұстап тұрғаны да түсінікті.  

- Көпшілік күткен кездесулердің бірі ол орын алуы мүмкін Геннадий Головкин мен кіші Хулио Сесар Чавес арасындағы жекпе-жек. Бұл жөнінде не ойлайсыз?

- Менің пікірімше, Геннадий Головкин бүгінгі таңдағы әлемдегі ең мықты боксшы. Ол тек өз салмағындағы ғана емес, одан да ауыр тартатын мықты жігіттерді жерге қарата алады. Оның ішінде Чавес те бар. Жақын аралықта оған сай келетін қарсылас табылмайды. Әлі үш-төрт жыл Гена барлық жағынан өзіне сай келетін қарсылас таба алмай әуре болатын сияқты. Головкин екі қолымен де бірдей ауыр соққы жұмсай алады. Мұндай қасиет кез-келген боксшының бойынан табыла бермейді. Оның соққысына төтеп бере алатын боксшылар да көп емес болып тұр.

- Қазақстан құрамасы сапында жүргенде қос боксшыны да жаттықтырдыңыз емес пе?...

- Иә, екеуі де менің шәкірттерім. Ол кезде мен ұлттық құраманың бас бапкері болған едім. Олар өте еңбекқор әрі алған бетінен еш қайтпайтын қайсар боксшылар болатын.  

Естеріңізге салар болсақ, жартылай ауыр салмақтағы WBA супер чемпионы Бейбіт Шүменов пен 49 жастағы IBF белбеуінің иесі америкалық Бернард Хопкинс арасындағы абсолютті чемпиондық атақ үшін өтетін кездесу 19 сәуір күні Вашингтонда өтеді деп күтіліп отыр.  

Ал орта салмақтағы WBA және IBO алтын белбеулерінің иесі Геннадий Головкиннің ендігі жоспарлаған кездесуі жаз айында орын алады деп болжанады. Әзірге 31 жасар қазақстандық боксшы мен 28 жастағы мексикалық атақты кіші Хулио Сесар Чавес арасындағы «жыл кездесуі» атануға басты үміткер жекпе-жек 19 шілде күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетіні белгілі болып отыр. Бұл күні Головкин Чавестің командасының қойған талабы бойынша супер орта салмақта жұдырықтаспақ. Бокс кеші АҚШ көрермендері үшін HBO арнасының PPV ақылы форматы арқылы көрсетіледі.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

                                                                                                                                      Сурет: prosportkz.kz