Дзюдодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ауысты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Дзюдодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ауысты
Фото ©️ fdk.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің шешімімен дзюдодан Қазақстан ұлттық ерлер құрама командасының бас жаттықтырушысы ауысты. Бұл туралы ҚР дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлады.

БӨЛІСУ

- Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы ретінде ресми түрде Смағұлов Айдын Құдайбергенұлы тағайындалғанын хабарлаймыз, - деген ресми хабарламада.

Қазақстан дзюдо федерациясы 2012-2017 жылдар аралығында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған Имамбеков Ермек Әбуұлына еліміздегі дзюдоның дамуына өлшеусіз үлес қосып, осы аралықта әлемдік аренада дзюдошыларымыздың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне аянбай еңбек еткені үшін алғыс білдіреді.

Ермек Имамбеков тұсында Қазақстан ерлер құрамасы жазғы Олимпиада ойындарынан 1 күміс, әлем чемпионатынан 1 алтын, 2 күміске, Азия ойындарынан 1 алтын, 1 күміс, 1 қолаға, командалық жарыс бойынша 1 күміс медальға қол жеткізген болатын.

Смағұлов Айдын Құдайбергенұлы – қазақстандық маман, дзюдодан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, "Даңқ" орденінің иегері. 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Дзюдодан бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Чемпионы, С. Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнирдің 4 дүркін жеңімпазы, Ж.Хамитжановты еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпазы (1999 ж), Түркияда өткен Халықаралық турнир жеңімпазы (1998), Орталық-Азия ойындарының жеңімпазы (1999). Бапкерлік қызметін 2005 жылы Алматы облысының аға жаттықтырушысы болып бастаған. 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, 2010-2012 жылдары «Жастар» спорт кешенінде директордың бірінші орынбасары, 2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасында жаттықтырушы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Айдын Смағұлов 2000 жылы Қырғызстан Республикасы сапында Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдеге ие болған.

- Мақсатымыз – қазақстандық дзюдошылардың Азия ойындарында, Азия және Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында нәтижелі күрес көрсетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізу. Осындай мақсатта бапкерлер құрамы ұлттық құрамадағы дзюдошылардың жаттығуын жіті қадағалап, дзюдодан дамыған мемлекеттер қатарында тұру үшін аянбай жұмыс істейміз, - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа жаттықтырушысы Айдын Смағұлов.