Дзюдодан әлемдік «Гран-При» мәресіне жетті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Дзюдодан әлемдік «Гран-При» мәресіне жетті

Алматыда өткен дзюдодан әлемдік «Гран-Приде» Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Еліміздің намысын қорғаған татами шеберлері 5 алтын, 5 күміс, 7 қола медальды иемденді.

БӨЛІСУ


60 келі салмақ дәрежесіндегі жүлделердің барлығы қазақ дзюдошыларының еншісіне бұйырды. Ақтық сынға шыққан 2010 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионы Елдос Сметов өзінің командаласы Айбек Имашевтен басым түсіп, алтыннан алқа тақса, қос қола жүлде де жерлестеріміз Асхат Тельманов пен Рүстем Ыбыраевқа бұйырды.

66 келі салмақ дәрежесінде татамиге белдесуге шыққан әскерилер арасындағы Әлем чемпионы Елдос Жұмаханов та қарсылас шақ келтірмеді. Тек ақтық финалда беларусь спортшысына есе жіберуге жақын қалып, аяқталуға 8 секунд қалғанда, жеңісті өз пайдасына шешіп кетті.

Талай аламанда топ жарып жүрген, 90 келіде өнер көрсететін жерлесіміз Ислам Бозбаев та «Гран-При» додасының алтынын жеңіп алды. Ол финалда өзбекстандық спортшы Хуршид Нәбиевпен белдесуі тиіс болатын. Алайда қарсыласының жарақат алып қалуына байланысты Ислам белдесусіз-ақ жеңімпаз атанды.

Алматыда өткен «Гран-Приде» алтын алады деп үміт күткен спортшылардың бірі – Максим Раков болатын. 2009 жылғы әлем чемпионы, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері бұл үмітті ақтады. Ол финалда бразилиялық Рафаэль Бузакариниды ұпай санымен жеңіп шықты.

Қыздар арасында аса ауыр салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Гүлжан Исанова да барлық қарсыластарына басымдығын танытып, әлемдік «Гран-Придың» алтын алқасын тақты.

Әлемдік «Гран-При» додасында күміс жүлде иеленгендер: Айбек Имашев (60 келі), Ертуған Төренов (66 келі), Ержан Шынкеев (100 келіден жоғары), Александра Подрядова (48 келі) және Альбина Амангелдиева (78 келі).

Әлемдік «Гран При» додасында  қола жүлде иеленгендер: Асхат Тельманов және Рүстем Ыбыраев  (60 келі), Бақдәулет Сәбитов (66 келі), Дастан Ықыбаев (73 келі), Севара Нишамбаева (57 келі), Мариан Ордабаева (63 келі) және Роза Доқтырбаева (78 келіден жоғары).

Естеріңізге сала кететін болсақ, халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен өткізілетін «Гран-При» бәсекесінде әлемнің 13 мемлекетінен 152 спортшы бақ сынады. Олимпиада ойындарына ұпай тарататын 7 турнирдің санатына енетін (Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты, «Шартарап шеберлері» және «Үлкен дулыға» турнирлері, сонымен қатар құрлық біріншілігінен кейін тұр) аламанда жалпыкомандалық есепті жерлестеріміз бастады. Екінші орын Бразилия (4 алтын, 2 күміс,3 қола), үшінші орын Ресей (3 алтын, 4 қола) құрамаларына бұйырды. І орын иегері 3000, ІІ орын иегері 2000, ІІІ орын иегері 1000 АҚШ доллары көлемінде сыйақымен марапатталды. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: prosportkz.kz, alaman.kz, vk.com