Дзюдодан 2017 жылғы әлем чемпионаты Венгрия астанасы Будапештте өтетін болды. Бұл туралы ҚР дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.
IJF Халықаралық дзюдо Федерациясының президенті Мариус Визер дүйсенбіде Венгрияның дзюдо федерациясы президенті Ласло Тот пен Венгрияның спорт министрі Ласло Шимицкомен келісім-шартқа қол қойды. Бұл шартқа сәйкес Венгрияның үкіметі жарысты ұйымдастыру мен өткізуде жан-жақты қолдау көрсетеді. Дүбірлі дода мажар елінде алғаш рет өткелі отыр.
- Мен Венгрияның 2017 жылғы әлем чемпионатын сәтті өткізетініне сеніммен қараймын. 2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге де ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, бұл елдегі дзюдо спортының тарихы бай, - деді Мариус Визер.
Айта кетейік, дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионаты Астана қаласында өтеді. Елордадағы жарысқа 120 елден келген 700-ден астам әлемнің үздік спортшылары келеді деп күтілуде. Жарыс тамыз айының 25-30 жұлдызы аралығына жоспарланған.
Сурет: viktorijatravel.lv
Ұқсас жазбалар