Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы ресми түрде ресейлік футболшы Дмитрий Сычевтің команда қатарына қосылғанын хабарлады. Сонымен қатар, өткен маусымда «Астана» сапында ойнаған Евгений Горячий де премьер-лигаға қосылған клубтың намысын қорғайтын болады.
Дмитрий Сычевтің қазақстандық клубтардың біріне ауысатыны туралы аз айтылмады. Ақыры, шындыққа жанасты. Мәскеудің «Локомотив» футбол клубы ойыншыны «Оқжетпеске» қараша айына дейін жалға берген.
Дмитрий Сычев - Ресей құрамасында ойнаған 8 жылда 47 ойынға қатысып, 15 гол соққан. Ол екі аяғымен де бірдей доп тебе алады. Баспен де жақсы ойнайды. Алаң жиегінен доп лақтыруды да жақсы меңгерген. Бірақ оның бәрі өткен күннің еншісінде. Қазіргі кезде бұл шабуылшы шау тартып қалды. Соңғы жылдары «Локомотив» оны «Динамо» (Минск), «Волга» командаларына жалға берген. 2013 жылы «Локомотивке» қайта оралды. Алайда, сол уақыттан бері Дмитрий «теміржолшылардың» қатарында бірде-бір ресми кездесуге қатысқан жоқ. Ресейлік футбол мамандары ойыншыны «Оқжетпесте» ойнап кете алады деп топшылап отыр.
Бүгін белгілі болғандай, Дмитрий Сычев «Оқжетпес» сапындағы бірінші ойынына келесі турда шығады деп күтілуде. Көкшетаулық клуб IV турда өз алаңында «Жетісуді» қабылдайды.
Айта кетейік, кеше ел премьер-лигасының ІІІ тур ойындары өткен болатын. Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астананың» үш ойыннан ұпайы түгел. Екінші орында алматылық «Қайрат» тұрса, үштікті Шымкенттің «Ордабасы» клубы қорытындылауда. Ал үздік сұрмергендер көшін «Қайрат» шабуылшысы Жерар Гоу бастап тұр. Оның еншісінде 4 гол бар.
|
Сурет:youtube.com
Оқи отырыңыз
«Қайрат» пен «Астана» ел чемпионатын жеңіспен бастады (видео)
«Астана - Cуперкубок иегері! (видео)
Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі нәтижесі өзгермеді
Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды