Суда жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Словенияда өтіп жатқан халықаралық турнирде төртінші алтын медалін жеңіп алды. Жарыстың екінші күнінде отандасымыз 100 метрге брасс әдісімен жүзуде және командалық сайыста үздік шықты.
Дмитрий Баландин 50 және 200 метрге жүзуде де алтын алған болатын. Сондай-ақ бүгін ерлер арасындағы кешенді эстафетада Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин, Дмитрий Баландин мен Александр Варакин төрттігі чемпион атанды.
ҚР ҰОК хабарлағандай, Диана Назарова 50 метрге, Анастасия Резванцева 200 метрге шалқалап жүзуден турнирдің алтын жүлдесін еншіледі.
Әділбек Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен, Аделина Пчелинцева 100 метрге брасс әдісімен жүзуден екінші орын иеленді.
Әйелдер арасындағы кешенді эстафетада Қазақстан құрамасы күміс алды.
Айта кетейік, Словениядағы турнир - әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына іріктеу сайысы саналады. Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алған болатын.