Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Индонезия жерінде өтіп жатқан XVIII жазғы Азия ойындарында екінші қола жүлдесін жеңіп алды. Отандасымыз 50 метрге брасс әдісімен жүзуде жапон және қытай елінің спортшыларына жол берді.
Жапониядан келген Ясухиро Кусико кезекті алтын жүлдесін жеңіп алды. Күні кеше 100 метрлік бәсекеде де топ жарған еді. 50 метрді 27,07 секундта жүзіп өтті. Күміс медаль аспан асты елінің спортшысы Ян Зибейге (27,25 сек) бұйырды. Үздік үштіктен көрінген Дмитрийдің көрсеткіші 27,46 секунд болды.
Қазақстандық спортшы Азия ойындарындағы екінші қола медалін иеленді. Кеше отандасымыз 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында да үздік үштікке енген еді.
Айта кетейік, Дмитрий Баландин 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмаған еді. Ал Риодағы Олимпиада ойындарында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде бірінші келіп, сенсация жасаған-ды. Джакартадағы Азия ойындарында отандасымыз бұл қашықтықтағы жарысқа жарақатына байланысты қатыспайды.