Тайбейде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында қазақстандық суда жүзу спортының шебері, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин күміс медальға ие болды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде отандасымыз соңғы сәтте жүлдеге қол соза білді. 50 метрдей қашықтық қалғанда барын салып, алға озды. Нәтижесінде аталған қашықтықты 2.9.70 минутта бағындырып, күміс медальға ие болды. Ал алтын медальды америкалық жүзгіш Эндрю Уилсон (2.8.45 минут) иеленді. Қола медаль ресейлік спортшы Рустам Годировқа (2.9.72 минут) бұйырды.
Осыған дейін Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медальға қол жеткізген еді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын 2 күміс 5 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте 9-орында келеді.