Британдық боксшы Энтони Джошуа (22-0, 21 КО) Нью-Йоркте өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіліп, төрт бірдей чемпиондық атағынан айырылды. Америкалық Энди Руиске (32-1, 23 КО) қарсы жекпе-жекте техникалық нокаутпен ұтылды.
Шаршы алаңдағы шайқас үшінші раундта тартысқа толы болды. Алдымен Джошуа қарсыласын нокдаунға түсірді. Жылдам ес жиған Руис есе қайтара білді. Британдық боксшыны бір емес, екі рет тізерлетті.
Жетінші раундта Энди Руис шабуылдап, Энтони Джошуаға ес жидырмады. Сылбыыр жұдырықтасқан британдық бірнеше рет нокдаун алды. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатуына тура келді.
Энтони Джошуа мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Ал Энди Руис аса ауыр салмақта WBA (Super), WBO, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, 2016 жылы Энди Руис Геннадий Головкинмен бірге Абель Санчестің қол астында бірге жаттыққан. Жаңа зеландиялық Джозеф Паркерден жеңілгеннен кейін жаттықтырушы алмастырған. GGG де осы жылдың сәуір айында мексикалық бапкермен келісімін үзген болатын.