Джиу-джитсу XIX Жазғы Азия Ойындары-2022 бағдарламасына ресми түрде енгізілді. Тайланд астанасы Бангкок қаласында Азия Олимпиада кеңесі Бас ассамблеясының отырысында осындай шешім қабылданды. Бұл әлемнің джиу-джитсуды мойындағанының белгісі, демек, алдағы уақытта ололимпиадалық спорт түрі атануы мүмкін.
«Соңғы жылдары Қазақстанда джиу-джитсуге деген қызығушылықтың артып отырғаны байқалады. Қазіргі кезде елімізде 100-ге жуық залда 15 мыңнан астам спортшы осы спорт түрімен айналысады. Қауымдастықтың ресми облыстық филиалдары республикамыздың барлық аймақтарында бар» - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Джиу-джитсу қауымдастығының президенті Болат Мажағұлов.
Қазақстандық джиу-джитсерлер барлық жарыстарда өздерінің жоғары шеберліктерін көрсетеді. Мысалы, өткен жылы Ақтауда өткен джиу-джитсуденАзия чемпионатында26 елдің спортшылары бәсекеге түссе, 14 алтын, 23 күміс, 24 қола медаль Қазақстанның қоржынына салынып, жалпыкомандалық есепте отандық спортшылар бірінші орынға тұрақтады.
Сонымен қатар, Қазақстанның ұлттық құрамасы Индонезияда Жазғы Азия Ойындарында да сәтті өнер көрсетті. Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов отандық джиу-джитсу тарихында алғаш рет алтын жүлдеге қол жеткізді.Нұржан Сейдуали, Нартай Кажеков, Ризат Макашев қола жүлдені қанағат тұтты. Ойындардың қорытындысы бойынша джиу-джитсуден Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орын алды. Айта кетейік, былтыр XVIII Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына джиу-джитсу тестілік режимде енгізілген болатын.
Үстіміздегі жылы Grand Prix Astana Open халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Бұл Қазақстанның джиу-джитсу қауымдастығы үшін аса ірі шара болып табылады. Маусымның 19-23 аралығында өтетін жарысқа әлемнің 60 елінің ең мықты спортшылары қатысады. Мальме қаласында (Швеция) Халықаралық джиу-джитсу федерациясының конференциясында бұл турнирді әлемнің 52 елінің джиу-джитсу қауымдастығының қатысуымен Астанадаөткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар,конференция барысында Халықаралық джиу-джитсу федерациясының мүшелері ҚР қауымдастығын ұйымның Орталық Азия бойынша вице-президенті етіп сайлады. Grand Prix Astana Open жарысы Қазақстанда джиу-джитсуды дамыту жолында тарихи оқиғаға айналмақ.