Францияның семсерлесу федерациясы жарық қылышымен айқасуды ресми спорт түріне қосты. Бұл туралы Associated Press агенттігі мәлімдеді.
Жарық қылышы - "Жұлдызды соғыс" кинодастанынан кейін ел арасында танымал болған. Фильмде джедай әскерлері жарық қылышымен соғысады.
Жарыста поликарбонаттан жасалған арнайы жарық қылышы қолданылатын болады. Жарық қылышына шам және чип орнатылады. Ал қылыш қарсыласына тиген сәтте "Жұлдызды соғыс" фильміндегідей арнайы дауыс шығарады.
Франция қауымдастығы жаңа спорт түрінің ережесін бекітіп үлгерген. Спортшылар дөңгеленген алаңда үш минут семсерлеседі. Қарсыласының басына және денесіне дөп тигізгені үшін 5 ұпай, ал қолына және аяғына тигізгені үшін 3 ұпай беріледі. 15 ұпай жинаған спортшы жеңіске жетеді.
Францияның семсерлесу федерациясы жастар арасында семсерлесу спортының танымалдылығын арттыру үшін осы қадамға барып отыр. Әлем көз тігіп отырған "Жұлдызды соғыс" кинодастанының арқасында жарық қылышымен семсерлесу спорты ел арасында тез таралатынына сенімді.