Джанни Инфантино ФИФА президенті болып сайланды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Джанни Инфантино ФИФА президенті болып сайланды
Фото ©️ vk.com

Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) президентін сайлау рәсімі өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Джанни Инфантино жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

ФИФА президентін сайлау рәсімі екі кезеңге созылды. Бірінші кезеңде жеңімпаз анықталмады. Екінші кезең қорытындысы бойынша Джанни Инфантино 207 елдің 115 дауысына ие болды. Шейх Салман бин Ибрагим Аль-Халифа 88 дауысқа ие болса, Иордания ханзадасы 4 дауысқа ие болды. Ал француз Жером Шампань екінші кезеңде бірде-бір дауысқа ие бола алған жоқ.

Джанни Инфантино 1998 жыылдан бері ФИФА президенті қызметін атқарып келген Иозеф Блаттерді алмастырды.

- Қазіргі көңіл-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Біз ФИФА абыройы үшін жұмыс жасаймыз. Бүкіл әлем бізді мақтан тұтатын болады. 209 қауымдастық пен қатысқан үміткерлерге алғысымды білдіремін. Мен футболдың жаңа дәуірін құрғым келеді. Футбол қиын-қыстау кезеңде болды. Бірақ мұның бәрі енді артта қалды. Барлықтарыңызды бірлесе жұмыс жасауға шақырамын, - деді Джанни Инфантино.

Джанни Инфантино бес тілді еркін меңгерген. ФИФА президенті болып сайланса 2018 жылғы әлем чемпионатына дейін орыс тілін меңгеруге де уәде берген. Сайлау алды бағдарламасы төмендегідей болатын:

- Әлем чемпионатына қатысатын елдер санын 40-қа дейін көбейтіп, бірнеше елде өткізу.

- Футболға соңғы технологияларды енгізу және оны талқылау.

- Ардагер ойыншылар арасында қайырымдылық ойындарын жиі ұйымдастыру.

- ФИФА беделін жоғарылату.