Динара Сәдуақасова қазақстандық шахматта жаңа рекорд орнатты

Massaget Корреспондент
Massaget >
Динара Сәдуақасова қазақстандық шахматта жаңа рекорд орнатты

Англияның Мэн аралында Grand Swiss Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл – FIDE турнирлерінің ең ірі жарыстарының бірі, 11 турға созылатын ұзын қашықтықты жарыс.

БӨЛІСУ

Турнирге әлемнің 40-тан астам елінен 150 мықты шахматшы қатысты. Турнирдің деңгейін әлемдік деңгейдегі Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян және басқалар шахматшылардың қатысуынан-ақ білуге болады. Қатысушылардың орташа рейтингі 2605-ті құрады.

Турнирде қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова сәтті өнер көрсетті. Әйелдер арасында ол үнді спортшысы Харика Дронаваллимен 1-2-ші орынды бөлісті.

– Бұл өзімді көрсетуге тамаша мүмкіндік болды! Күн сайын мықты ойыншылармен ойнайсың. Бар күшімді салдым, дегенмен зор қашықтық қой. Менің барлық қарсыласым әлемдік шахмат элитасы – "алтыжүздіктер" тобындағы гроссмейстерлер болды! Бұл құрам мені қорқытқан жоқ, керісінше, өзімді тексеруге ниет тудырды, - дейді Динара.

Grand Swiss турнирінен кейін Динараның рейтингі 2505 болды. Енді ол әлемнің ең мықты шахматшылары арасында 11-ші орында тұр. Бұл – қазақстандық әйелдер шахматы үшін рекорд.