Осы уақытқа дейін Дидье Дрогбаның "Челсиден" кететіндігі туралы әңгіме гуілдеп тұрған еді. Кейбіреулер бұл сыбысты жоққа шығарса, бірі керісінше ақпарат таратып жатқан.
Осыған орай футболшы журналистерге сұхбат берді. Ол барлық жанкүйерлеріне алғысын айта келіп, клубтан кететіндігін растады.
"Ел арасындағы түрлі әңгімелерді естігеннен кейін алдарыңызда әңгіменің ашығын айтуды ұйғардым. "Челсиден" кету мен үшін әрине қиын. Клубқа тілектес болған барлық азаматтарға алғысымды айтамын. Сіздердің ниеттеріңіздің арқасында бәріміз бірігіп осы клубты дамыттық. Чемпиондыққа жетуіміз осының дәлелі. Сонымен қатар Роман Абрамвичке ерекше ықыласымды білдіргім келеді", - деді Дрогба сөзінің арасында.
Футболшы клубта өнер көрсеткен 8 жылдың ішінде 10 түрлі титулға ие болып, ойнаған 341 матчында 157 голдың авторы атанды. Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, енді әйгілі футболшы қытайлық «Гуанчжоумен» келісімшартқа отыруы мүмкін.
сурет: eurosport.ru