Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан еліміздің маңдайалды спортшысы Денис Теннің «Денис және достары: Сәлем Алматы» атты мұзды шоу бағдарламасының бірінші күні жоғарғы деңгейде өтті. Кеш соңында әлем мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары қазақтың ұлттық киімін киіп, бар өнерлерін ортаға салды.
Мұз айдындағы әлем саңлақтарының өнерін тамашалауға асыққан жұртшылықтың санында шек болмады. Халықаралық аренада атағы шығып танылған спортшылар да бар өнерін салып, жанкүйерлерді бір желпінтті. Жиналған жұртшылық Денис Тен мен достарына қошеметін аяп қалған жоқ. Ал Алатау бөктеріне келген қонақтар бірінен-бірі асыра өнер көрсетіп, нағыз көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.
Денис Тен достарымен бірге қазақстандық жанкүйерлерге жаңа қойылымдар да дайындапты. Сонымен қатар «Тұран» тобының домбыра мен қобыз сарынына үндескен композициясында өз өнерін көрсетті. Мұзды шоу бағдарламасына келген әлем мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары жанкүйерлерге жекелей екі бағдарлама дайындап әкелсе, Дениспен бірге тағы да өнерлерін паш етті.
Мұзды шоу соңында Денис Тен жиналған қауымға алғысын білдіріп, ерекше қуанышты екенін жеткізді. Бұл жобаның мақсаты – қазақ елінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын әлемге таныту екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ достарымен бірге қазақтың ұлттық киімін киіп, бар өнерлерін ортаға салды.
Қазақтың ұлттық киімін киген мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары
Су Ен Пак (Оңтүстік Корея)
Майя және Алекс Шибутани (АҚШ)
Эладж Бальде (Канада)
Елена Радионова (Ресей)
Александр Любченко, Жан Дени-Санши (Франция)
Джереми Эббот (АҚШ)
Мари Пьер Лерай (Франция)
Цин Панг, Цзян Тонг (Қытай)
Стефан Ламбьель (Швейцария)
Джоани Рошетт (Канада)
Максим Траньков, Татьяна Волосожар (Ресей)
Денис және достары
Айта кетейік, Денис Теннің «Денис және достары: Сәлем Алматы» атты мұзды шоуы бүгін қайта жалғасын табады. Алдағы уақытта арнайы фоторепортажымызды назарларыңызға ұсынатын боламыз.