Ақпан айында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл додаға мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан атынан үш спортшы қатысады. Соның бірі – Денис Тен.
Денистің денсаулығына алаңдап жүрген жанкүйерлер көп еді. 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадада қола жүлдегер атанған спортшыны қазақстандықтар Пхенчханда да жүлдегерлер қатарынан көруге асық.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы тамыз айындағы Оңтүстік Кореядағы шоу алдында жарақат алған еді. Тобығын жарақаттаған Тен қазан айында ғана мұз айдынға оралды. Ал қараша айында Шанхайда өткен турнирде қола жүлде жеңіп алды. Бүгін спортшы instagram желісіндегі парақшасында Олимпиадаға дайындығы мен жарақаты жайлы айта кетті.
- Жарақатымнан айығу үшін емделіп жүргеніме 150 күндей уақыт өтті. Физиотерапия, тоқсан сайын екпе жасатып, сіңірімді қалпына келтіру үшін залда жаттығулар жасаудамын. Бүгін МРТ (Магнитті-резонандық томография) сіңірлерімнің қалыпқа келіп, сүйік арасындағы қанды сүйелдің азайғанын көрсетті. Біріншісі аяғымды басуға кедергі келтірсе, екіншісі ауыртатын еді. Жарақатымнан толық айығу үшін шамамен 6 айдай уақыт керек. Бірақ Олимпиадаға дейін бабымда боламын деп сенемін.
Бұған дейін мен салмақты тек оң аяғыма түсіре алатын едім. Қазір екі аяғыммен де секіре аламын. Дегенмен әлі де ауырады. Бірақ жаттығуды күрделендіре беруге болады. Мұндай көрсеткіштің өзі керемет емес шығар, алайда 3 апта бұрын Лутц жаттығуын (оң аяғымен орындалатын жаттығу) және Флип жаттығуын орындай бастадым (Франциядағы гран-при бәсекесінде). Енді білек сыбана жаттығуға кірісетін кез келді. Бұл мені қуанышқа бөлейді", - деп жазды спортшы.
Пхенчхандағы ақ Олимпиадаға Қазақстаннан үш мәнерлеп сырғанаушы қатысады. Ерлер арасында Денис Тен болса, қыздар арасында Элизабет Тұрсынбаеваның баратыны белгілі. Сәуір айында Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында 9-орын алған Элизабет ел қоржынына екі бірдей жолдаманы салған-ды. Ал ел чемпионатының қорытындысы бойынша екінші жолдамамен Олимпиадаға Айза Иманбек барады. Осыған дейін төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған.
Айза Иманбек Олимпиадаға дейін Абу-Дабидегі "FBMA Trophy" халықаралық турниріне қатысады. Одан кейін Элизабет Тұрсынбаевамен бірге "Төрт құрлық чемпионатына" аттанатын болады.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея жеріндегі қысқы Олимпиада ойындарына (9-25 ақпан аралығы) әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Қазақстандық спорт делегациясы Пхенчхандағы додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайтын болады.