19 мамыр күні мәнерлеп сырғанаудан Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Денис Тен Алматы қаласында жас балаларға арнап шеберлік сабағын өткізген болатын. Дәл осы сабақ аяқталған соң, Тен Массагет тілшісіне алдағы Алматы және Астана қалаларында өтетін шоу туралы және де жуық арадағы жоспарлары туралы айтып берген еді.
- Денис, Қазақстанда алғаш рет мұз айдынында шоу өткізбексіз. Осы туралы айтып берсеңіз...
- Ия, расында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанда тұңғыш рет шоу өтеді. Бұл күндері мәнерлеп сырғанау спортының жанкүйерлері Еуропа және Әлем чемпиондарын көре алады. Шоу жоғары деңгейде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл тек мен үшін ғана емес, сонымен қатар жалпы Қазақстан үшін де елеулі оқиға болады.
- Мәнерлеп сырғанауда Қазақстан өзге елдерге қарағанда, кенже қалған. Жалпы елімізде бұл спортқа қатысты қандай проблемалар бар?
- Мәнерлеп сырғанау өте әдемі спорттың түрі. Бұл спортта тек дененің қимылы маңызды емес. Бұл спортты жан дүниеңмен қабылдай алу керексің. Бүгінгі таңда АҚШ, Канада, Жапония, Ресей сынды елдерде өте дамыған спорттың түрі болып саналады. Бізде қандай проблемалар бар дегенге келсек, Қазақстанда мұз айдындары аз. Сондықтан, әлем деңгейіндегі спортшыларды шығару үшін міндетті түрде шет елге жіберу керекпіз.
- Жалпы Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спорты әлемде қандай деңгейде?
- Бір ауыздан біздің мәнерлеп сырғанауымыз мынадай деңгейде дей алмаймын. Бір білетінім, қазір елімізде мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылық артуда. Мен алғашқы қадамдарымды жасағанда, біздің тобымызда бар болғаны 5-6-ақ бала болатын. Енді қарап отырсам, үйірмелерде 30-40-тан астам бала мәнерлеп сырғанауды үйреніп жүр. Бұл әрине, көңіл қуантарлық жәйт.
- Мәнерлеп сырғанауда енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жатқан спортшыларға қандай ақыл-кеңес бере аласыз?
- Мен алғашқы қадамдарымды Қазақстанда жасадым. Сосын Ресейде. Кейін Америка жерінде де жаттықтым. Үш елден де үйренгенім көп. Сондықтан да жас балаларға өз білгенімді үйрете аламын. Ал енді ғана алғашқы адымдарын жасаған спортшыларға: «Талмай еңбек етіңдер» деп кеңес берер ем. Сонымен қатар, бұл жігіттерге жаттықтырушылары жиі шеберлік сабақтарын өткізіп тұрғаны дұрыс.
- Алдағы уақытта бапкер болғыңыз келмей ме?
- Мәнерлеп сырғанаушы ретінде мақсатым тек Қазақстанның намысын қорғау ғана емес. Сондай-ақ Қазақстанда осы спорттың дамуына үлес қосу. Сол себепті де, мен алдағы уақытта жас балаларды мәнерлеп сырғанауға тәрбиелейтін боламын.
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz