Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Ресейде "Rostelecom Cup 2017" Гран-При турниріне қатысты. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "SOS d'un terrien en détresse" композициясымен мұз айдынға шыққан отандасымыз жүлделі орыннан көріне алмады.
Денис Тен тамыз айында Кореядағы "Ice Festa" шоуы қарсаңында жарақат алып қалған болатын. Одан бергі аралықта емделіп, қысқы маусымға дайындалды. "Rostelecom Cup 2017" жарысы жарақатынан кейінгі осы маусымдағы алғашқы жарыстарының бірі болды.
Мәскеудегі Гран-При турнирінде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 214.35 ұпаймен 9-орын алды. 293.79 ұпай жинаған америкалық Натан Чен жеңімпаз атанды. Күміс медальды жапон Юзуру Ханью (290,77 ұпай) иеленді. Үштікті ресейлік Михаил Коляда (271,06 ұпай) түйіндеді.
Қыздар арасында ел намысын қорғаған Элизабет Тұрсынбаева 184.95 ұпаймен 8-орын алды. Жарыстың алтын жүлдесі ресейлік Евгения Медведеваға (231,21 ұпай) бұйырды.