Бүгін Қостанай қаласының тұрғындары жақында ғана конькимен жүгіруден әлем чемпионы атанған Денис Кузинді қарсы алды. Іле-шала болған жиналыста демеушілер оған екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатса, ал облыстық әкімдік 400 мың теңгеге сертификат сыйлады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Конькимен жүгіру спортында дәл осы қашықтыққа жүгіріп, алтын медаль алу деген - қиынның қиыны. Себебі бәсекелестік өте жоғары. Қазақстанның тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәтижеге жеткен спортшы болған емес", - дейді аймақ басшысы Нұралы Сәдуақасов.
Одан бөлек, қалалық әкімдік Кузиннің жеке бапкері Петр Пастушенкоға "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атағын беруді жоспарлап отырғандықтарын айтты. Жиында әлем чемпионының бапкері де құр алақан қалған жоқ. Ол әкімдік тарапынан 160 мың теңгеге бағаланған сертификат пен меценаттар атынан тағайындалған 1,5 миллион теңгеге ие болды.
Естеріңізге салсақ, қостанайлық Денис Кузин конькимен жүгіруден Қазақстан спортшылары арасынан тұңғыш рет әлем чемпионы атанған болатын. Сочиде өткен әлем біріншілігінде ол 1000 метр қашықтықты 1 минут 9,14 секундта бағындырған еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: rsport.ru