Дэниэл Гил Головкинмен кездесуден бас тартты

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Дэниэл Гил Головкинмен кездесуден бас тартты

Аустралиялық боксшы Дэниэл Гил WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы кездесуден бас тартты.

БӨЛІСУ

WBA және IBF чемпиондық белбеулерінің бұрынғы иесі Гил 19 ақпан күні өзінің отандасы Гарт Вудпен жұдырық түйістіреді. Бұл кездесу оның өткен жылдың тамыз айында Даррен Баркерге қарсы өткізген жекпе-жегінен кейінгі алғашқысы болып отыр. Сол кезде ол IBF (Халықаралық бокс федерациясы) белбеуінен айырылып қалған болатын. Осыдан кейін аустралиялық бұнымен тоқтап қалмайтынын, одан әрі қарай да чемпиондық атақтарға таласа беретінін айтқан еді.

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Баркерден атағын тартып алған неміс Феликс Штурм 2012 жылы жеңіліс тапқан осы Гилмен есесін қайтару үшін кездескісі келетінін айтып отыр.

Fox Sports хабарлағандай, HBO телерарнасы 26 сәуір күні Головкинге қарсы кездесуге шығуға ұсыныс тастаған. Алайда ол кездесудің Аустралияда көрсетілмейтінін желеу қылып, ұсыныстан бас тартты. Дегенмен Гил 29 кездесудің барлығында да жеңіске жеткен (оның 26 нокаутпен) қазақстандықпен кездесуден еш қашпайтынын айтып қалды. Сондай-ақ ол кезінде әуесқой бокстағы Головкинге жіберген есесін қайтара алатынына да сенім білдіріпті.

Естеріңізге сала кетсек, Головкин өткен апта аптада ганалық Осумана Адамаға қарсы өткізген кездесуінде қарсыласын жетінші раунда техникалық нокаутпен жеңіп, өз атақтарын сәтті қорғап қалған еді. Қазақстандық боксшының ендігі кездесуі 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған. Әзірге қарсыласының кім болатыны белгісіз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ambox.su