Дәулет Ниязбеков Азия чемпионатында алтын медаль алды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Дәулет Ниязбеков Азия чемпионатында алтын медаль алды
Фото ©️ vk.com

Бұл күндері Катар елінің астанасы Дохада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Кеше еркін күрестен Дәулет Ниязбеков чемпион атанса, Татьяна Аманжол мен Айым Әбілдина қола жүлде жеңіп алды.

БӨЛІСУ

61 келі салмақ дәрежесіне дейін белдесетін қазақтандық балуан Дәулет Ниязбеков Катардағы Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Отандасымыз алғашқы кездесуінде пәкістандық Хуссейн Мудассарды тізек бүктірді. Одан кейін Қырғызстаннан барған Әділет Маматаевты 9:0 есебімен жерге қаратты. Жарты финалда Дәулет Ниязбеков моңғолиялық Номин Батболдтан басым түсті. Шешуші бәсекеде Иран елінің өкілі Бэхнам Иснаг Эхсанпурді жеңіп, чемпион атанды.

Дәулет Ниязбеков 2013 жылы Делиде, 2014 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында қола медаль алған. 2011 жылғы әлем чемпионатының да қола жүлдегері.

Әйелдер арасында Қазақстан қоржынына қос қола жүлде түсті. 58 келі салмақ дәрежесінде Айым Әбілдина үшінші орын үшін кездесуде Айым Оңтүстік Кореяның өкілін 3:0 есебімен ұтса, 48 келіде Татьяна Аманжол қола медаль үшін өткен кездесуде Моңғолия елінің өкілі Цогбатаар Бямбазаяны жеңіп, үздік үштіктен орын алды.

Сонымен қатар, Дохада 74 келіде Жігер Закиров қолаға таласта үндістандық балуанмен 8:8 есебімен тең түскен. Алайда оның қарсыласы соңғы ұпай алғандықтан жеңіс үндістандыққа берілді.

97 келіге дейінгі салмақта Алихан Жұмаев та қола жүлдеге таласта жапон Тагеши Ямагучиден жеңіліп қалды. Жарыс 10 мамыр мәресіне жетеді.