Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында жарақат алып, ауруханаға түскенін хабарлаған едік. Осыған байланысты, дзюдодан Қазақстан құрамасының бас дәрігері Наталья Кудашова Елдостың денсаулығы жайлы баяндады.
«Қуанышқа орай, Елдостың жолы болды. Айқастан кейін ол өзін нашар сезінген еді, содан қабырғасы сынды деп ойладық. Күдікті сейілту үшін оны медициналық мекемеге тексерістен өтуге жібердік. Қабырғасы сынбаған. Енді толықтай оның денсаулығымен айналысамыз. Ол арнайы процедуралардан өтеді. Бізде бұл үшін барлық жағдай жасалған», - деді Наталья Кудашова.
Дәл қазіргі уақытта, Сметов атлеттік қалашықта ем қабылдап жатыр.
Тағы да еске сала кетейік, қазақстандық спортшы Азия ойындарының алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп, екінші кезеңде Солтүстік Корея спортшысынан жеңіліс тапты.