Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (9-0, 5 КО) 2020 жылғы алғашқы жекпе-жегін қараша айында өткізуі мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлады.
Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы наурыз айында Данияр Елеусінов әлемнің бұрынғы чемпионы Джулиус Индонгомен (23-2, 12 КО) 17 сәуір күні Оксон-Хиллде (АҚШ, Мэрилэнд штаты) жұдырықтасатын мәлімдеген болатын. Алайда әлемдегі коронавирус пандемиясының салдарынан жекпе-жек бірнеше мәрте кейінге шегерілді.
Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Әлиев Vesti.kz порталына боксшыны қазан айының соңында шаршы алаңда көріп қалуымыз мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы титулдық жекпе-жегін өткізуі мүмкін. Қарсыласы ретінде Джулиус Индонго қарастырылып жатыр.
Даниярдың қарсыласы атанған намибиялық боксшы – 37 жаста. Бірінші жартылай орта салмақта үш нұсқа бойынша (IBF, IBO және WBA (Super)) әлем чемпионы болған. 2017 жылдың тамыз айында абсолютті әлем чемпионы атағы жолында америкалық Теренс Кроуфордпен (36-0, 27 КО) жұдырықтасып, алғаш рет жеңілген.
2018 жылдың наурыз айында америкалық Реджис Прогрейстен ұтылған. Ал өткен жылдың тамызында Карлтавиус Джонсонды (4-2) жеңген.
Данияр Елеусінов шаршы алаңға өткен жылдың желтоқсан айында шыққан. Америкалық Алан Санчесті (20-5-1, 10 КО) техникалық нокаутпен жеңіп шықты.