Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов сал ауруымен ауыратын балаларға 10 миллион теңге аударды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл қаражатты спортшының жерлестері мен демеушілері жинаған. Олар Елеусінов пен оның әкесіне 10 миллион теңгелік сертификатты тапсырған болатын.
Бүгін Данияр Елеусіновті туған жерінің халқы күтіп алды. БҚО әкімі Алтай Көлгінов чемпионға алып келген жүлдесі үшін алғыс айтты. "Біз сенімен мақтанамыз, Данияр! Қазақстан жастарына үлгі бол. Сенің жеңісің - бүкіл елдің, бапкерлер құрамының, өзіңді баптаған әкеңнің жеңісі. Сол әкең саған даңғыл жол ашып берді. Сенің чемпион бола алатыныңды бәріне сендірді, саған тек дамуға мүмкіндік беру керек. Сен барлығымыздың үмітімізді ақтадың!", - деді әкім чемпионға.
Алтай Көлгінов жерлестерінің атынан Данияр мен оның әкесі Маратқа 10 миллион теңгеден сертификаттар берді. "Саған заманауи батыр ретінде ат берілді, пәтерді біз де бере алар едік, бірақ сен Астанада тұрасың. Сондықтан саған осындай сый жасайық деп шештік", - деді әкім. Олимпиада чемпионы өз гонорарын сал ауруына шалдыққан балаларға аударатынын мәлімдеді. Ал әкімге спортшы өзінің бокс қолғабын сыйлады.
Ал таяуда Оралда Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылады.
Дереккөз: tengrinews.kz