Катар астанасы Дохада өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 69 келіде ел намысын қорғап жатқан Данияр Елеусінов Әзірбайжан боксшысын жеңіп, финалға шықты.
2013 жылғы әлем чемпионы Елеусінов жартылай финалда әзірбайжандық Парвиз Багировпен кездесті. Ұлттық құрама капитаны үш раунд бойы басымдық танытып, нәтижесінде 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Парвиз Багиров биылғы жылы өз елінде өткен I Еуропа ойындарында чемпион атанған болатын. Екі боксшы бұған дейін бір рет кездескен. Екі жыл бұрын Алматыдағы әлем біріншілігінің бастапқы бәсекелерінің бірінде Данияр қарсыласынан басым түскен еді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанды.
Осылайша жерлесіміз Данияр Елеусінов келесі жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды. Бұған дейін Олимпиада лицензиясына қазақстандықтардан Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов, Василий Левит иелік еткен болатын.
Айта кетейік, төрт жылдықтың басты жарысына Катардағы әлем чемпионатында 23 жолдама үлестіріледі. Турнирдің шарты бойынша 49, 52, 81 келідегі салмақтар бойынша финалға дейін жеткен боксшы жолдамаға иелік етеді. Ал 56, 60, 64, 69, 75 келі салмақтарға үш жолдама бөлініп отыр. Яғни қос финалистен бөлек, үшінші орын алған спортшыға да жолдама беріледі. Ол үшін жартылай финалда ұтылған екі боксшы бір-бірімен кездеседі. Ауыр салмақтағы 91 және 91 келіден жоғары салмақта тек чемпион ғана жолдамаға қол жеткізеді.
Дереккөз: Baq.kz