Бүгін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысқаны белгілі болды. Алғашқы жекпе-жегін Қытай жерінде өткізеді. Бұл туралы «Fighnews.com» порталына сілтеме жасап, «vesti.kz» сайты хабарлады.
Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін мамыр айында өткізбек. «MJA Entertainment's» промоутерлік компаниясы басшысы Майк Алтамурдың айтуынша бірінші кездесуін Пекинде ұйымдастыру жоспарланып отыр екен. Ол Даниярды екі жыл ішінде әлем чемпионы атандырғысы келеді.
- Біздің жоспар бойынша Данияр Елеусінов екінші және үшінші жекпе-жектерінде-ақ құрлықтық чемпиондық атақтарға таласатын болады. Ал екі жыл ішінде әлем чемпионы атанамыз. Ол 18 ай ішінде кәсіпқой бокста шыңдалып, екі жылдан кейін чемпиондық атақ үшін жекпе-жекке шығатынына сенімдімін. Данияр қарымта соққы жасауда аса жылдам. Оның бойында атақты боксшыларға тән сенімділік бар. Ол ештеңеден қорықпайды, - деді Майк Алтамур.
Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы жеке жаттықтырушысы ретінде әкесі Марат Елеусінов қадағалайтын болады. Ал ақпан айында ресми түрде қол қоятын «MJA Entertainment's» промоутерлік компаниясының жаттығу лагері Флоридада (АҚШ) орналасқан. Қазақстандық боксшыны әкесінен бөлек америкалық жаттықтырушылар да жаттықтыратын болады.
Айта кетейік, Данияр Елеусіновтің ағасы Дәурен Елеусінов та кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыздың бірі. 2014 жылдан бері алты жекпе-жек өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. Бір жекпе-жегінде қарсыласымен тең түсті. Дәурен де жақын уақытта Данияр бақ сынайтын промоутерлік компаниямен келісімге келмек.