Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асырып жүрген спортшы Данияр Елеусінов мансабындағы сегізінші жекпе-жегін 27 шілде күні Арлингтонда (АҚШ, Техас штаты) өткізеді. Отандасымыз мексикалық боксшы Оскар Кортеспен (27-4, 14 КО) жұдырықтасады.
Бокс кеші College Park Center аренасында өтеді. Басты жекпе-жекте бірінші орта салмақтағы боксшылар Хосе Карлос Рамирес (24-0, 16 КО) пен Морис Хукер (26-0-3, 17 КО) кездеседі. Олар WBC және WBO чемпиондық атақтары үшін шайқасады.
Данияр мен Оскар арасындағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. "Тышқан" деген лақап атпен танылған мексикалық боксшы кәсіпқой бокста 31 жекпе-жек өткізген. Оның 27-де жеңіске жеткен. 14 жекпе-жегінде қарсыласын уақытынан бұрын ұтқан. 4 рет жеңілістің кермек дәмін татқан.
26 жастағы боксшы Сауль Альварес промоутерлік компаниясының (Canelo Promotions) құрамында болған. Тіпті, ол "Канелоға" жекпе-жектері алдында қолғабыс жасаған. Оның тәлімгерлері Хосе және Эдди Рейносодан сабақ та алған.
Қазақстандық боксшы болса кәсіпқой боксшы жеті жекпе-жек өткізіп үлгерді. Барлығында қарсыластарын айқын ұтып келеді. Сондай-ақ Оскарға қарсы алғаш рет он раундтық жекпе-жекке шықпақ.
Қазіргі таңда Данияр Елеусінов алдағы жекпе-жегіне бокстан Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Нұр-Сұлтанда дайындалуда.