Данияр Елеусінов чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Данияр Елеусінов чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Фото ©️ Stephen McCarthy

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов толыққанды чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізеді. Отандасымыз жартылай орта салмақта IBO белбеуіне таласуға мүмкіндік алды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне боксшының менеджері Зия Алиев айтты.

БӨЛІСУ

- Бізде нағыз сенсациялық жаңалық бар. Мұны қазақстандық спорт жанкүйерлеріне хабарлауға асықпыз. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов биыл тарихи жетістікке қол созады. Ол жартылай орта салмақта IBO чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады. Бокс кеші 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Jekpe-Jek аренасында өтеді. Іс-шара Қазақстанның 30 жылдығына арналады. Отандастарымыз үшін зор сый болмақ. Себебі әлемдік деңгейдегі бокс кеші болады. Онда Қазақстанның және әлемнің үздік боксшылары шаршы алаңға шығады. Данияр жанкүйерлерін қуанту үшін барын салады және басты жекпе-жекте айқасады.

Ол осы жекпе-жекке жету үшін көп тер төкті. Бүкіл команда болып күш салдық. Енді осындай тамаша жаңалықты хабарлап отырмыз. Бізге IBO ресми түрде мақұлдады. Қарсыласы жақын күндері белгілі болады. Ресми хабарлайтын боламыз, - дейді Зия Алиев.

Айта кетейік, бокс кеші 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтанда өтеді. Басты жекпе-жекте Данияр Елеусінов, ал оның алдындағы кездесуде Иван Дычко шығады.

Данияр Елеусінов IBO белбеуін иеленсе, кәсіпқой бокста Қазақстаннан шыққан бесінші чемпион атанады. Осыған дейін Геннадий Головкин (қазір IBF, IBO белбеуіне ие), Бейбіт Шүменов, Жанат Жақиянов пен Василий Жиров чемпион болған.