Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Алматыда ұйымдастырылған бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіске жетті. Отандасымыз филиппиндік Джо Нойнаемды (23-4-2, 11 КО) техникалық нокаутпен жеңіп шықты, – деп хабарлайды msports.kz сайты.
10 раундқа жоспарланған жекпе-жек 6 раундтан аспады. Данияр қарсыласын 4-раундта нокдаунға түсірді. Жекпе-жек одан кейін жалғасқанмен, жаттықтырушылары кеңесе келе жұдырықтасуды тоқтатты.
Данияр Елеусінов соңғы рет 2021 жылы ресми жекпе-жекке шыққан. Аргентиналық Хуан Эрнан Леальды жеңіп, IBO чемпиондық атағын иеленген еді. Одан кейін жекпе-жекке шықпады.
2023 жылдың желтоқсан айында "IBA Чемпиондар түні" кешінде жұдырықтасуға шыққан. Алайда ол жекпе-жек ресми кездесу болып саналған жоқ.
Айта кетейік, Алматыдағы бокс кешінде аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов та бақ сынады. Алғаш рет бокс жекпе-жегіне шыққан ол Нұрберген Шәріповті жеңіп шықты.