Аргентинаның Сан-Хуан қаласында «Дакар-2014» ралли-марафонының үшінші кезеңі мәресіне жетті. Жерлестеріміз тағы да үздік көрсеткішке қол жеткізе алмады. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Үшінші кезең қорытындысы бойынша, жол талғамайтын автокөліктер арасында испандық Хоан Нани Рома («Mini») экипажы бірінші болып мәре сызығын кесті. Ол жалпы жолды 2 сағат 58 минут 52 секундта басып өтті. Екінші болып 1 минут 7 секунд кешіккен поляк Кшиштоф Холовчик (MINI) экипажы келді. Үшінші сатыдан оңтүстікафрикалық Лерой Паултер («Toyota») көрінді.
Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко («Proto Overdrive») қазақстандық-ресейлік экипаждар жұбы бұл кезеңде 20-шы болып мәреге келді. Олар барлық жолды 3 сағат 15 минут 55 секундта жүріп өтті. Ал екінші жарысқа қатысып жатқан экипаждарымыз Денис Березовский мен Игнат Фальков («Nissan») жұбы 63-ші нәтижені көрсетті. Ал кеше Бауыржан Исабаев пен Ғабдулла Әшімов автокөлігі отқа оранып, жарамсыз болып қалған болатын. Әзірге Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко жұбы жалпы есепте 21-ші орында келеді. Ал екінші экипаждарымыз 57-ші сатыға тұрақтап тұр.
Ауыр жүк көліктері арасында бақ сынап жатқан Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы үшінші кезеңде мәреге 23-ші болып келді. Бұл санаттағы жарыста ресейлік Андрей Каргинов экипажы жеңімпаз болып танылды.
Бүгін «Дакар-2014» ралли-марафонының төртінші кезеңі өтеді. Бұл кезеңдегі жол Сан-Хуан мен Чилекито аралығын жалғап жатыр. Жалпы ұзақтығы жол талғамайтын көліктер үшін 868 шақырым, ауыр жүк көліктері үшін 657 шақырымды құрайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com