Аргентинаның Сальта қаласында өиіп жатқан «Дакар» ралли-марафонының жетінші кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Бұл кезең ең жылдам ралли-марафон ретінде тіркеліп отыр.
Бұл кезеңде бірінші болып мәре сызығын испаниялық Карлос Сайнс кессе, екінші орынды катарлық Нассер Салех Аль-Аттия еншіледі. Үшінші орын француздық Стефан Петерансельге бұйырды. Жалпы есепте көш бастап тұрған Хоан Нани Рома бұл жолы төртінші болып келді. Proto Overdrive көлігін тізгіндеген қазақстандық Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко экипажы 23-ші орынды қанағат тұтты. Nissan автокөлігімен Т2 тобында сынға түсіп жатқан тағы бір қазақстандық экипаж Денис Березовский мен Игнат Фальков мәре сызығын 60-шы болып кесті.
Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко жұбы осылайша жалпы есептегі 13-орынын сақтап қалды. Олар көшбасындағы автошабандоздардан 55 минут, 56 секундқа қалып тұр.
Жүк көліктері арасындағы сында бірінші орынды "КАМАЗ-Мастер" командасының өкілі Эдуард Николаев еншіледі. Екінші болып оның командадағы серіктесі Дмитрий Сотников келсе, үшінші орын нидерландық Жерар де Ройға бұйырды. Tatra көлігімен жарысқа қатысып жатқан отандастарымыз Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланектің экипажы кезеңді 17-ші болып аяқтады.
Жалпы есепте нидерландық Жерар де Рой көшбасшылығын сақтап қалды. Осылайша ол екінші орында келе жатқан Андрей Каргиновтан 38 минутқа ұзап отыр. Ал жерлесіміз Артур Ардавичус жалпы есепте 23-ші орында тұрақтап, нидерландық автошабандоздан 10 минуттай артта қалды.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz