Аргентинаның Сальта қаласында «Дакар» ралли-марафонының алтыншы кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Тукуман жерінен бастау алған кезеңнің жалпы қашықтығы жол талғамайтын көліктер үшін 694 шақырым болса (оның 424 шақырымы тегіс жолдар), жүк көліктері үшін 550 шақырымды (оның 156 шақырымы тегіс жолдар) құрады.
Бұл кезеңді жол талғамайтын көліктер арасында Стефан Петерансель 2 сағат, 42 минут және 58 секундта бағындырып, кезең жеңімпазы атанды. Екінші орынды MINI көлігін басқарған катарлық спортшы Нассер Салех Аль-Аттии (+2:43) иеленсе, аргентиналық Орландо Терранова (+5:20) нәтижесімен үштікті қорытындылады.
Ал енді жарысқа жол талғамайтын көліктер класы бойынша Қазақстан атынан қатысып жатқан экипажға тоқталсақ. Сонымен Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко басқарған Proto Overdrive көлігі 3 сағат, 5 минут және 33 секунд уақытымен мәреге 18-ші болып келді. Ал жалпы есепте еліміздің командасы жағдайларын бер сатыға жақсартып, енді олар 13 орынды иеленіп отыр.
Мәреге жеткеннен кейін Рахимбаев дәстүрлі түрде мән-жайды Фейсбуктегі парақшасында жариялады: «Дакар». Алтыншы күн. Кешегі өткен ауыр күннен кейін бүгін әу баста жарысқа қатысқан 150 экипаждың тек 76 ғана жолға шықты. Кешегі күннен кейін бүгінгі кезеңді бастап кету оңайға соққан жоқ. Дакардың ережесі бойынша, келесі кезеңге шықпаған экипаж бірден автоматты түрде жарыстан шеттетіледі. Ал тәуекелге барғандар трекке ұйқысыз және демалыссыз шығуға мәжбүр. Екі тәуліктен кейін ағза да сыр бере бастайды. Статистика бойынша, соңғы мәреге тек бастапқы экипаждың жартысына жуығы ғана жетеді. Бүгін нағыз раллилік, жылдам трасса болды. Кешегі ауыр жолдың кесірінен бірнеше уақыт ұтылып қалғандар, бүгін соның есесін алуға барын салды. Жарыстың ережесіне сәйкес, алдыңғы кезең қорытындысы жарыскерлер үшін келесі кезеңде старттық нөмірін анықтайды. Сондықтан барлық спортшылар уақыт үшін де, келесі кезеңдегі старттық позиция үшін де барын салады. Бұл жерде әр секундтың маңызы өте жоғары. Егер неғұрлым жоғары стартта болсаң, соғұрлым жолың да жеңілдейді, жылдамдығын да жоғары болады.
Екінші кезең барысында біз трассадан ұшып кетіп, абырой болғанда бұтаның үстіне келіп құладық. Соның арқасында трекке қайтып оралудың сәті түсті. Көп күннен бері жақсылап демалмаудың, ұйықтамаудың кесірі тимей жатқан жоқ. Тіпті кезең соңына қарай бірнеше рет ішкен кофелеріміз еш әсер етпей қалды. Дегенмен мәреге 19-шы болып келдік, ал жалпы есептегі жағдайымыз едәуір жақсарды. Қазір 13 орындамыз. Алайда бұл ақырғы нәтиже емес. Себебі жарыстағы спортшылардың көрсеткен нәтижелері бірнеше рет өзгеріп отырады. Оған себеп борттағы ақпаратты арнайы комиссия өкілдері келіп спутниктік мәліметтер негізінде қайта тексеріп, олардың қолдан өзгертілмегеніне көз жеткізеді. Содан кейін барып қана ақырғы және ресми қорытынды жарияланады. Сондай-ақ бүгін бізге суыт хабар келіп жетті: тағы да бір көлік апаты тіркеліпті. Журналистер мінген көлік 100 метрлік құлама жартасқа түсіп кеткен... Екі адам қаза болған... Өте өкіншті... Қазалары қайырлы болсын... Дакарға 700-ге тарта спортшы мен 3000-ға жуық БАҚ өкілдері, техникалық көмек көрсетушілер және т.б адамдар қатысады. Осылардың барлығы күніне жүздеген шақырым асуы қиын жолдарды басып өтеді. Өкінішке орай, бұндай жағдайда адам шығына да болып жатады. Жарты жолды артқа тастадық. Ертең бәріміз үшін демалатын күн. Бүгін осыған байланысты Toyota-Overdrive командасында кішігірім «пати» ұйымдастырмақшымыз».
Nissan автокөлігімен Т2 тобында сынға түскен құрамында Денис Березовский мен Игнат Фальков бар екінші бір қазақстандық экипаж бұл кезеңді 3 сағат, 41 минут және 24 секундта бағындырып, 44 орынға табан тіреді.
Жол талғамайтын көліктер арасындағы жалпы есепте Орландо Террановты 30 минут, 30 секунд және Стефан Петерансельді 33 минут, 23 секундқа артқа тастаған испандық Хоан Нани Рома топ бастап тұр. Ал Рахимбаев болса одан 3 сағат, 22 минут және 41 секундқа ұтылып келеді. Березовский мен Фальков Ромаға 11 сағаттан аса уақытқа ұтылып, қазір 40 орында тұр. Айта кетейік, Березовский экипажы Т2 тобында үшінші орында келеді.
Жүк көліктері арасындағы сында 1 сағат, 52 минут және 55 секунд нәтижесін тіркеген голландиялық Петер Верслейс (MAN) топ жарды. Екінші орын «КАМАЗ-мастер» көлігін тізгіндеген Андрей Каргиновке тиді. Ол жеңімпазға 1 минут және 11 секунд ұтылып қалды. Үздік үштікті тағы да бір голландиялық Марсель ван Влит (MAN, +1.36) қорытындылады. Ал Tatra көлігімен жарысқа қатысып жатқан отандастарымыз Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланектің экипажы кезеңді 21-ші болып аяқтады (1 сағат, 6 минут және 33 секунд).
Жалпы есептің көшбасшысы голландиялық Жерар де Рой (Iveco) мәрені жетінші болып кесті (+4.06). Де Ройдың осыған дейінгі жүріп өткен жалпы уақыты 23 сағат, 14 минут және 27 секундты құрайды. Ал Каргинов болса уақыт айырмашылығын 3 минутқа қысқартып, енді ол көшбасшыға 29 минут және 5 секунд ұтылып келеді. Үшінші болып Николаев экипажы келеді (+1:07.42). Ал Ардавичус бастаған қазақстандық экипаж де Ройға тоғыз сағаттан астам уақыт ұтылып, жалпы есепте 25 орынға тұрақтап тұр.
Бүгін, 11 қаңтар күні «Дакар» ралли-марафон жарысы үшін үзіліс. Ал ертең Сальти мен Уюни арасын жалғастырған жетінші кезең басталмақ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: Astana Motorsports БҚ