Чилидің Икеке қаласында «Дакар-2014» ралли-марафонының тоғызыншы кезеңі мәресіне жетті. Бұл кезең Каламеден бастау алған еді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Жол талғамайтын көліктер арасында кезең жеңімпазы болып француз Стефан Петрансель (MINI) танылды. Ол кезеңді 1 сағат, 17 минут және 53 секундта басып өтті. Екінші және үшінші орындар оның командаластары катарлық Нассер Салех Әл-Аттия (+2:17) мен испандық Хоан Наниге бұйырды (+11:36). Ал Proto Overdrive көлігін тізгіндеген Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко жұбы 1 сағат, 25 минут және 22 секунд уақытын көрсетіп, мәреге 18-ші болып келді. Ал Т2 тобында жарысып жатқан еліміздің екінші бір экипажы Денис Березовский мен Игнат Фальков (Nissan) 25 орынды қанағат тұтты.
Жол талғамайтын көліктердің жалпы есебінде көшбасшылықты Рома сақтап қалды. Ол екінші орындағы Петерансельден 12 минутқа алда келеді. Айдын Рахимбаев болса бір сатыға төмен сырғып, Т2 тобында бесінші, ал жалпы есепте 43 орынға тұрақтады.
Жүк көліктері сынында «КАМАЗ-мастер» командасының экипажы ресейлік Андрей Каргинов бірінші болып келді - 4:58:09. Екінші орын жалпы есептің үздігі голландиялық Жерар де Ройға тисе, үшінші болып тағы да «КАМАЗ-мастер» командасының өкілі Эдуард Николаевқа бұйырды. Ал қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек басқарған Tatra кезеңді 12-ші болып аяқтады (+1:18:53).
Жалпы есепте енді де Рой Каргиновтан 13 минут және 28 секундқа алда болса, Ардавичус экипажы 23 орыннан 21-ге көтерілді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: Astana Motorsports БҚ