Аргентинаның Сан-Рафаэль қаласында «Дакар-2014» ралли-марафонының екінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Жол талғамайтын көліктер жарысының екінші кезең қорытындысы бойынша мәреге бірінші болып MINI көлігін басқарған француз Стефан Петерансел экипажы келді. Сан-Луистен Сан-Рафаэльге дейінгі 798 шақырымды (433-і қиын жолдар) ол 3 сағат, 52 минут және 5 секундта басып өтті. Екінші орын испандық автошабандоз Карлос Сайнске (SMG) бұйырса (46 секундқа кешігіп келді), үшінші орын Toyota тізгінін ұстаған оңтүстікафрикалық Жиниль де Вильерсте (+5:34).
Екінші кезең қорытындысы бойынша қазақстандық экипаж Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненконың Proto Overdrive жол талғамайтын көлігі 31-ші болып келді. Олар аталған қашықтықты 5 сағат, 11 минут және 9 секундта жүріп өтті. Ал Nissan көлігінің жүргізушілері Денис Березовский мен Игнат Фальков 7 сағат 13 минут және 22 секунд нәтижесімен жарыс кезеңін 66-шы аяқтады.
Жалпы есепте бірінші орын Петерансельге тиесілі (6:17:02) болса, екінші орын Сайнста (+28 секунд). Үшінші орында катарлық Нассер Салех Аль-Аттия келе жатыр (+4:10). Ал Рахимбаев пен Демьяненко жұбы 19 орыннан 24 орынға сырғыды. Олар көшбасшыға 1 сағат, 26 минут және 7 секунд ұтылып келеді. Березовский мен Фальков әзірше 62 орында.
Жүк көліктер жарысының екінші кезеңінде мәреге бірінші болып голландиялық Жерар де Рой келді. Екінші орын «КАМАЗ-Мастер» көлігін басқарған ресейлік Антон Шибаловқа бұйырса, үшінші болып Голландия елінің тағы да бір өкілі Марсель ван Влит (MAN) келді. Жүк көліктер жарысында еліміздің намысын қорғап жатқан «Татра» кабинасындағы Артур Ардавичус бұл кезеңді 26-шы болып аяқтады.
Жүк көліктер жарысының жалпы есебі бойынша да жарыстың фавориті, «Ивеконы» тізгіндеген голландиялық де Рой көш басында келеді. Ол екінші орындағы Влитадан 13 минут 57 секундқа алда келе жатса, үшінші орындағы Шибалов одан 18 минут 52 секундқа қалып тұр. 2012 жылы осы жарыстың қола жүлдегері атанған Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы қазір 23 орында келеді. Олар де Ройдан шамамен екі сағаттай артта.
Бүгін "Дакар-2014" ралли-марафонының Сан-Рафаэль мен Сан-Хуан арасын жалғастыратын үшінші кезеңі басталады. 596 шақырымды құраған аралықтың 301 шақырымы арнайы белгіленген күрделі жолдарға жатады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: Vesti.kz