ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов "Қазақ радиосының" тікелей эфирінде жауап берген кезінде 27 қазан күні Олимпиада чемпионы Зулфия Чиншанлоның елге оралатыны және сол уақытта бұл даудың соңына нүкте қойылатыны туралы айтты.
Зулфия Чиншанло 27 қазан күні таңғы 5-те Алматы әуежайына келеді
Қайрат Тұрлыханов "Қазақ радиосының" тыңдармандарының сұрақтарына тікелей эфирде жауап беріп, "Чиншанло Қытайға қайтып оралды" деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл жайлы Зулфия Чиншанлоның өзі естігенде аң-таң болыпты. Оны Қайрат Тұрлыханов Зулфия Чиншанлоның өзімен тікелей телефон арқылы сөйлескенде білген. Сондай-ақ, Зулфия әлі күнге дейін тіркеуде Қазақстанда тұрғандығын да айтты. "Зулфия Чиншанло қазанның 26-нан 27-іне қараған түні таңертең сағат 4-5 аралығында Алматы әуежайына келеді. Сол кезде барлық сұрақтарды өзінен сұрап білесіздер. Ал әлгі ақпараттардың бәрі жалған",- деді Қайрат Тұрлыханов.
Сан түрлі түсініктемелер
Зулфия Қытай азаматтығын алды дегенде бірден Ауыр атлетика басшыларына, баспасөз хатшысына хабарластық. Бір қызығы Чиншанлоның Қытай азаматтығын алғаны туралы ешкім білмейтін болып шықты. Мәселен, Олимпиада чемпионының жеке бапкері Виктор Ни : «Мен Зулфияның өзімен сөйлеспейінше, ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Мен бұл жаңалықты әлі естіген жоқпын. Зулфия маған ештеңе айтпай кетіп қалды. Менде тіпті оның байланыс телефоны жоқ. Сондықтан, онымен сөйлеспей тұрып, ешқандай түсініктеме бере алмаймын», - деді. Ал ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір: «Бұл жағдайға өзіміз де аң-таңбыз. Бұл мүмкін емес. Осыдан үш күн бұрын Майя Манеза мен Зулфия Чиншанло Қытайға демалысқа кеткен болатын. Бірақ, бұлай болуы мүмкін емес. Біз қазір мән-жайды анықтап жатырмыз», - деген
Зулфияның Қытай асып кеткенін жасырып келген бе?
Зулфияның Қытайға кеткендігі туралы «аспан асты» елінің ең танымал "Синхуа" агенттігі де растап отыр. Тіпті, олар Зулфиямен сөйлесіп те үлгеріп, Қытай атынан Олимпиада алтынын алу оның ең үлкен бақыты екендігін де жазған. "Қазақстан мен Қытай арасындағы келісім-шарт бойынша Зулфия 2012 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалға берілген. Алайда, Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы оған қатысты құжаттарды дер кезінде рәсімдемеген. Қытайлық бапкерлер Қазақстанға Зулфияның елге қайтуы туралы екі рет хат жолдадық. Қазір Қытай ауыр атлетика федерациясының өкілдері Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басшыларына хабарласқанмен, ешбір жауап ала алмай отыр",- дейді "Синхуа" агенттігі.
Ғаламтордағы қызу талқы
«Тұманды альбионда» топ жарған Зулфия Чиншанло Қытай асып кетті дегенді естісімен көптеген спортсүйер қауым өз пікірлерін ғаламтор арқылы жазып, білдіріп жатыр. Назарларыңызға сол піріклердің біршамасын ұсынамыз.
Аламан сайтының қонағы
Құрметті Қазақстандықтар, босқа бастарыңды қатырмаңдар. Кете ме кетпей ме ол өз еркі, легионердің аты легионер кім көп ақша ұсынса, сонда барады. Ал оның орнын басатын қыз дайын тұр. Ол Афинада күміс алған Филимоновтың қызы Алина Филимонова (1995 ж.т.) Бразилияда сол алады алтынды. Қазірдің өзінде жаксы өнер көрсетіп келеді, Жаппарқұл Жазира да осал емес. Уақытында көреміз!
Алаш-арена порталының қонағы
Менің ойымша, қытайлық журналист бізді ақымақ қылды. Осылай өтірік ақпарат таратып, Қазақстан халқы мен Зулфияның арасына от салып, Зулфияны Қазақстанға сатқын етіп көрсетсе, біздің жанкүйерлер Зулфиядан теріс айналады, міне сөйтіп атлетшіні өздеріне тарттырып алу мақсатында жазған шамасы.
Массагет порталының қонағы
Шындықты қанша жасырсаң да, бір күні әшкере болатыны анық. Сол сияқты Зулфия мен Майяның екеуі де дүнген емес, Қытай екені бәрібір бір күні белгілі болатыны анық еді. Бұл әңгіме олар Лондонға барардың алдында шыққан болатын. Бірақ Олимпиададан алтын алып келген соң, олардың ұлты туралы әңгіме басылып қалған еді. Енді міне тағы да шу шықты. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Бұл жазылған жайлардың негізсіз емесі анық.
Кетсе кетсін, өз еркі. Қазақтың атын шығарып, көк туын көкте желбіреткені үшін тек қана рақмет дейік. Ал уәде еткен соманы бермегені рас болса, ұят болған екен. Ол қаржының кімнің қалтасында кеткенін анықтау керек. Енді біздікілер қызды қайтарып алу үшін немесе өздерінің өтіріктерін жабу үшін тырысатыны анық. Сол мақсатта әлі талай миллиондар Қытай аспаса болғаны.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: wfrk.kz