Қазақстандық ауыр атлет Зульфия Чиншанло Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаз атанып қана қоймай, серпе көтеруде жеке нәтижесін де жақсартты.
Зульфия Чиншанло Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында өз салмақ дәрежесінде (53 келі) емес, 58 келіде өнер көрсетті. Алдымен жұлқа көтеруде 100 келімен шектелді. Ал серпе көтеруде 137 келіні бағындырып жеке нәтижесіне түзету енгізді.
"Жағдайым жақсы. Шараны көруге келгендерге алғысым шексіз. Қазақстандық жанкүйерлер өте мейірімді. Штанганы көтерген кезімде үнемі айғайлап отырады. Осындай кезде қатты қуанамын, барлығына алғысым шексіз", - деді Чиншанло KazSport телеарнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, ол Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дайындығы жөнінде айта кетті.
"Екі ай қалды. Соңына дейін шыдау керек. Бастысы - жарақат алып қалмау. Мен өзіме сенемін!", - деді Чиншанло.
Бүгін өткен ел чемпионатының жеңімпаздары:
58 келі:
1. Зульфия Чиншанло - 235 келі (100+135)
2. Лидия Ануфриева - 180 келі (82+98)
3. Айгерим Ауылбек - 179 келі (80+99)
63 келі:
1. Әсем Садықова - 229 келі (103+126)
2. Сәуле Сәдуақасова - 223 келі (100+123)
3. Мадина Астамирова - 170 келі (75+95)
Айта кетейік, осыған дейін Олимпиада чемпиондары Зульфия Чиншанло мен Илья Ильиннің қанынан допинг табылғаны хабарланған болатын.