Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан барлық команда белгілі болды. Соңғы екі жолдаманы түнде Мадридтің "Реалы" мен Мюнхеннің "Бавариясы" иеленді.
Жартылай финалдың жеребе тастау рәсімі ертең (жұма) өтеді. Швейцарияның Ньон қаласындағы салтанатты шара Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады. Жеребе тастау рәсіміне "Алтын доп" иегері Андрей Шевченко қатысады.
Жеребе ашық түрде өтеді. Командалар еленген және еленбеген болып бөлінбейді. Қай команда бірінші шықса, сол команда бірінші өз алаңында ойын өткізеді. Жартылай финалдағы бірінші ойындары 24-25 сәуірде өтсе, қарымта кездесулер 1-2 мамырға жоспарланған. Ал финал 26 мамыр күні Киевтегі "Олимпийский" стадионында өтеді.
Айта кетейік, сейсенбінің кешінде "Ливерпуль" мен "Рома" жартылай финалға жолдама алса, түнде "Реал" мен "Баварияның" жолы болды.
Мадридтік команда бірінші ойында "Ювентусты" 3:0 есебімен ұтқан болатын. Ал түнде туриндік клуб 3:0 есебімен алға шығып, алаң иелерін састырды. Тек соңғы минутта төреші белгілеген пенальти ойын тағдырын шешті. Роналду 11 метрлік айып соққысынан мүлт кеткен жоқ. Қорытындысында 4:3 есебімен "корольдік клуб" жартылай финалға шықты.
Мюнхенде өткен "Бавария" мен "Севилья" арасындағы қарымта кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Бірінші кездесуде неміс ұжымы 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.