Чемпиондар лигасының жеребе тарту ережесі өзгереді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасының жеребе тарту ережесі өзгереді

Футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі - Чемпиондар лигасының жеребе тарту ережесіне өзгертулер енетін болды. Жаңа жүйе 2015/2016 жылғы маусымнан бастап жүзеге асырылады.

БӨЛІСУ

Чемпиондар лигасының жеребе тастау рәсімінде бірінші себетке орналасатын клубтар УЕФА-дағы жекелей коэффициент көрсеткішіне қарай емес, елдің УЕФА рейтингіндегі коэффициент көрсеткішімен іріктелетін болды. Яғни, бірінші себетке УЕФА рейтингінде үздік тұрған Еуропаның 7 елінің ішкі біріншілігінде топ жарған клубтар енеді. Ал аяқталған маусымда чемпион атанған ұжым сегізінші клуб болып себетті толықтырады. Жаңа ережеге сәйкес, бірінші себетке бір елден екі клубтан артық қосыла алмайды. Егер Чемпиондар лигасында топ жарған ұжым ішкі біріншілігінде де жеңімпаз атанса, онда УЕФА-ның коэфициенттік рейтингінде сегізінші орында тұрған елдің чемпион атанған клубы бірінші себетке түседі.

Өткен маусымның қорытындысы бойынша УЕФА-ның коэфициенттер рейтингінің алғашқы жеті орнына Германия, Испания, Англия, Италия, Франция, Португалия және Ресей орналасқан болатын. Жаңа ережеге сәйкес, осы маусымда чемпион атанған бұл елдердің ұжымдары бірінші себетке түседі. Ал осы елдердің (Испания, Германия, Италия) бір клубы аяқталған маусымда Чемпиондар лигасы мен ішкі біріншілігінде де топ жарар болса, Нидерланды чемпионатында топ жарған «ПСВ» бірінші себетті толықтырады.

Айта кетейік, Қазақстан УЕФА-ның клубтар рейтингінде 32-ші орында келеді. Егер алдағы маусымдағы еурододада қазақстандық клубтар сәтті өнер көрсетіп, жаңа рейтингте 26-шы орынға дейін көтерілетін болса, еурокубок ойындарына 5 командамыз қатысатын болады. Қазіргі таңда 26-шы орындағы Норвегия мен Қазақстанның (32-ші орын) арасын 4 ұпай бөліп тұр. Келер маусымда ел чемпионы атанған «Астана» Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Cурет: sports.ru