Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының жартылай финалында бір-бірімен кездесетін командалар белгілі болды. Швейцарияның Ньон қаласында өткен жеребе тастау рәсіміне "Алтын доп" иегері Андрей Шевченко қатысты.
Жеребе нәтижесі бойынша 1/2 финалда "Бавария" (Германия) мен "Реал" (Испания), "Ливерпуль" (Англия) мен "Рома" кездеседі. Командалар арасындағы алғашқы ойындар 24-25 сәуірде өтсе, қарымта кездесулер 1-2 мамырға жоспарланған. Ал финал 26 мамыр күні Киевтегі "Олимпийский" стадионында өтеді.
Айта кетейік, ширек финалда "Ливерпуль" "Манчестер Ситиді", "Бавария" "Севильяны", "Реал" "Ювентусты", "Рома" "Барселонаны" жарыс жолынан шығарған болатын.
Еуропа лигасының жартылай финалында "Арсенал" (Англия) мен "Атлетико" (Испания), "Марсель" (Франция) мен "Зальцбург" (Австрия) кездеседі.