2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасын топтық кезеңнен бастайтын 22 команда анықталды. Соңғы болып бельгиялық «Андерлехт» командасы тіркелді.
Тізімге 12 елдің чемпиондары мен 6 үздік біріншіліктен 9 команда енді. Яғни, Испания, Англия және Германия чемпионаттарынан үш командадан, Италия, Португалия және Франция елдерінен 2 командадан топтық кезеңге өтті. Сонымен қатар, Украина, Ресей, Нидерланды, Грекия, Бельгия мен Швейцария елдерінің чемпиондары бұл мүмкіндікке ие болса, Түркиядан вице-чемпион «Галатасарай» жолдама алды. Өйткені осы маусымда чемпион атанған «Фенербахче» келісілген кездесу өткізгені үшін екі жылға дүбірлі додадан шеттетілген болатын.
Чемпиондар лигасын топтық кезеңнен бастайтын командалар: «Атлетико», «Барселона», «Реал» (Испания); «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Челси» (Англия); «Бавария», «Боруссия» Дортмунд, «Шальке 04» (Германия), «Ювентус», «Рома» (Италия); «Бенфика», «Спортинг» (Португалия); «ПСЖ», «Монако» (Франция); «Шахтер» (Украина), ЦСКА (Ресей), «Аякс» (Нидерланды), «Олимпиакос» (Грекия), «Галатасарай» (Түркия), «Андерлехт» (Бельгия), «Базель» (Швейцария).
Қалған 10 орын иегерлері бес-бестен бөлінетін чемпион және чемпион емес командалар арасындағы іріктеуден кейін белгілі болады. Ал бұл сында еліміздің намысын "Ақтөбе" қорғайтын болады.
Дайындаған: Өміробек Сангсызбай
Сурет: vk.com