Бүгін Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің аясында «Шахтер» сырт алаңда албандық «Скендербеумен» қарымта кездесу өткізеді. Қазақ футболының тарихында қалар күн алыс емес секілді...
Бүгін қазақ футболының жанкүйерлері Албания астанасы Тиранаға көз тігері сөзсіз. Алғашқы кездесуде «кеншілер» ұжымы қарсыластарын Астанада үш доп айырмасымен жеңген болатын. Енді Виктор Кумыков шәкірттеріне тең нәтиже де жетіп жатыр. Осы жолы албан чемпиондарын айналып өтсек, плэй-офф кезеңінде өнер көрсетеміз. Одан жеңіп жатсақ Чемпиондар лигасының, жеңілсек Еуропа лигасының топтық кезеңі күтіп тұр.
«Бізге қарсылас командамен ғана емес, ылғал және ыстықпен де күресуімізге тура келеді. Тиранадағы ауа-райы кездесуге де әсерін тигізері сөзсіз. Ауыр болатыны анық. Бірақ бастысы – өз басымдылығымызды қорғау керек. Қорғанысты жақсы реттестіре біліп, қақпамызға доп жібермеуіміз керек – деп атап өтті Виктор Кумыков.
Мирель Йоца, «Скендербеу» командасының бас бапкері:
- Матч біз үшін қиын болары анық. Бірақ команданың ішкі дайындығы жақсы. Тартысты кездесу болады деп ойлаймын. Бірақ 0:3 есебі біздің үмітімізді сөндіріп тастағаны рас.
Бүгінгі қос ұжым арасындағы кездесуге букмекерлік орталықтар «Шахтердың» жеңісіне 1,64, тең ойынға 3,94, жергілікті команданың жеңісіне 5,01 беріп отыр. Кездесудегі жерлестеріміздің фаворит екені анық.
Кездесуді қарағандылық жанкүйерлер «Шахтер» стадионындағы жарық диодты экран арқылы тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар 23:45-те қос ұжым арасындағы кездесуді «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: Alaman.kz