Чемпиондар лигасы. Рауль рекорды жаңарар сәт жақындап келеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. Рауль рекорды жаңарар сәт жақындап келеді

Бүгін Чемпиондар лигасының үшінші турының екінші күніндегі кездесулер өтеді. Ал біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз!

БӨЛІСУ

«Арсенал» «ақсүйектер» ерлігін қайталай ала ма?

Соңғы ойындарында тұрақсыз өнер көрсетіп жүрген лондондық «Арсенал» бүгін Бельгияда «Андерлехтпен» кездеседі. Арсен Венгер шәкірттері фаворит саналғанмен, алаң иелері де ұпай алу үшін жанталасып бағары сөзсіз. Ағылшын клубы өз тарихында бельгиялық клубтармен 12 рет кездескен екен. Оның үшеуінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Болжамдар бойынша канонирлер бір немесе екі доп басымдығымен ғана жеңіске жетеді деп күтілуде.

Түрік жанкүйерлері тәртіпсіздік танытты

«D» тобындағы екінші ойында «Галатасарай» мен дортмундтық «Боруссия» кездеседі. Бундеслигада сүреңсіз өнер көрсеткенмен, неміс ұжымы Чемпиондар лигасында бас қырынан көрінетін қабілеті барын жанкүйерлер жақсы біледі. Десе де көп футбол сарапшылары бүгін түрік командасының мысы басым болуы мүмкін деп болжауда.

Жаңа ғана ғаламтор беттерінде түрік жанкүйерлерінің дортмундтық ұжым жанкүйерлерін соққыға жығып, пышақ ала ұмтылған сәттерінен көріністер пайда болды. Жергілікті команданы қолдаушылар бұл тәртіпсіздігі үшін алдағы уақытта жауапқа тартылатын болады.

«Атлетико» қарсыласын қиындықсыз жеңеді деп күтілуде

Өткен маусымда Испания чемпионы мен Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен мадридтік «Атлетико» бүгін «Мальме» командасымен кездеседі. О баста Диего Симеоне шәкірттері бұл топтан оңай шығады деп күтілген болатын. Бірінші ойында «Олимпиакостан» ұтылғанмен, екінші турда туриндік «Ювентустан» басым түсті. Қазір бұл топтағы 4 клубта да 3 ұпайдан бар.

Тең қарсыластар тең тарқаса ма?

Туриндік «Ювентустың» Чемпиондар лигасында тәжірбиесі молдау деген күннің өзінде, «Олимпиакос» та оңай шағылар жаңғақ емес екенін есте сақтаған жөн. Гректер өз алаңында нағыз сойқан салатын клубтардың қатарынан.  Футбол сарапшылары екі ұжымды тең тарқасады деп болжауда.

«Базель» болгар клубынынан мықты ма?

Швейцариялық «Базель» түзде болгарлық «Лудогорецпен» кездеседі. Қонақтар аздап фаворит саналатыны рас. Бірақ, әйгілі «Ливерпуль» мен «Реалға» тең қарсылық таныта білген болгар ұжымы да осал емес. Бүгін алаң иелері ұтылмайды деп күтілуде. Оның үстіне швейцариялық клубтың белді шабуылшыларының бірі Штреллер ойынға қатыспайды.

Роналду рекорд жаңартуы мүмкін

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесулердің бірі – «Ливерпуль» мен «Реал» ойыны болатын. «Энфилдте» үш ұпай үшін нағыз тартыс болмақ. Өз тарихында мерсисайдтық клубты жеңіп көрмеген «корольдік клуб» бүгін бұл көрсеткішке өзгерту енгізуі мүмкін. Осы маусымда Луис Суаресті шығарып салған «Ливерпуль» Баллотелиге толықтай сенім арта алмауда. Ал қонақтар қатарынан жарақатына байланысты Гарет Бэйл, Серхио Рамос және Фабио Коэнтрау ойынға қатыспайды. Брендан Роджерс шәкірттері соңғы 7 ойында қақпаларына гол жіберіп келе жатса, «Реал» соңғы 7 ойында да жеңіске жетті. Доп айырмашылығы: 32:5. Ойынды «КТК» арнасынан түнгі сағат 00:45-те тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, бұл ойында Криштиану Роналду хет-трик авторы атанса, Чемпиондар лигасындағы ең үздік сұрмергендер көшін бастайтын болады.

«Байер» фаворит саналуда

Леверкузендік клуб бүгін түнде ресейлік «Зенитпен» үш ұпайды сарапқа салып көретін болады. Екі клубта шабуылға көп иек артатын ұжымдардың қатарынан. Бірақ, соңғы уақытта «Байер» қорғанысы көп қателік жіберіп жүр. Егер Халк бастаған жігіттер мұны оңтайлы пайдалана білсе, жеңіске жетуіне мүмкіндік бар.

«Бенфика» аутсайдер емес еді...

«С» тобындағы төрт ұжым да тең дәрежедегі командалар саналған. Өткен маусымда Еуропа лигасының финалына дейін жеткен лиссабондық клуб алғашқы екі кездесуінде жеңіліп қалды. Мұны жанкүйерлер күтпеген болатын. Өйткені, «Бенфика» аутсайдер емес еді... Бүгін түнде «Монакода» қонақта болатын Жорже Жезуш командасы кемінде бір ұпай еншілейді деп күтілуде.

Барлық ойындар Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады.

Сурет: sports.ru, goal.net.ua