Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойындар басталды. Парижде жергілікті «ПСЖ» Лондонның «Челси» клубын ұтса, елордалық «Астанамен» бір топта ойнаған лиссабондық «Бенфика» өз алаңында Санкт-Петербордың «Зенитін» жеңді.
«Парк де Пренс» стадионында өткен ойын тартысқа толы болды. Бірінші болып 39 минутта Златан Ибрагимович айып соққысынан есеп ашты. «Ақсүйектер» де қарап қалған жоқ. Бірінші тайм аяқталар тұста таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан асырылған пасты Джон Оби Микел алаң иелері қақпаларына тоғытты.
Екінші таймда Гус Хиддинк шәкірттері қорғанысқа назар аударып ойнады. Нәтижесінде Лоран Блан алаңға Эдинсон Каваниді шығарып, жеңіске бастар жолды таба білді. 79 минутта уругвайлық шабуылшы қақпашы Тибо Куртуадан айласын асырып, «ПСЖ» клубына жеңіс сыйлаған голды соқты.
Қос клуб арасындағы қарымта ойын 9 наурыздан 10 наурызға қараған түні өтеді.
«Астана» футбол клубымен бір топта ойнаған лиссабондық «Бенфика» плей-оффтағы бірінші ойынын жеңіспен бастады. Португалдық клуб ресейлік «Зенитті» соңғы минутта сан соқтырды. Доминик Кришитоның алаңнан қуылуы – «Бенфиканың» жеңіске жетуіне сеп болды. Айып соққысынан асырылған допты Жонас «Зенит» қақпасына баспен тура бағыттады. Нәтижесінде португалдықтар бірінші ойынды жеңіспен аяқтады.
Қос клуб арасындағы қарымта ойын 9 наурыз күні өтеді.