Чемпиондар лигасы. "МЮ" мен "Порту" ширек финалға шықты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. "МЮ" мен "Порту" ширек финалға шықты
Фото ©️ vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасы ширек финалына шыққан тағы екі команда белгілі болды. "Аякс" пен "Тоттенхэмнің" қатарына "Манчестер Юнайтед" пен "Порту" қосылды.

БӨЛІСУ

Бірінші ойында Францияның ПСЖ клубынан 0:2 есебімен ұтылған "Манчестер Юнайтедтің" ширек финалға шығуы екіталай саналған. Десе де Уле Гуннар Сульшер жаттықтыратын ағылшындық ұжым жанкүйерлерге күтпеген тосынсый жасады. Қарымта ойында париждік команданы 1:3 есебімен ұтты.

Ойында Ромелу Лукаку дубль жасады. Бірінші голын 2 минутта қорғаушылар қателігінен кейін-ақ соқты. Ал 30 минутта Джанлуиджи Буффон допты қолынан шығарып алған сәтті шабуылшы ұтымды пайдалана білді. ПСЖ бұл екі голдың арасында есепті теңестірген. Хуан Бернат соққан гол алаң иелеріне бірінші таймда басымдық бере қоймады.

Ойынға қосылған қосымша уақытта "қызыл сойқандар" пенальти тебуге мүмкіндік алды. Видеоқайталауды қараған Дамир Скомина ПСЖ қақпасына 11 метрлік соққыны белгіледі. Маркус Рэшфорд мүлт кетпеді. Сырт алаңда соғылған голдар саны бойынша манкуниандық команда ширек финалға шықты.

Бірінші ойында ұтылған "Порту" да жанкүйерлерін қуантты. Өз алаңында "Романы" ұтты. Негізгі уақытта 2:1 есебімен басым болып, қосымша уақытта ойын тағдырын шешті.

26 минутта Франсиско Соарес португалдық команданы алға шығарды. Бірінші тайм аяқталғанша римдік команда есепті теңестіре білді. Даниэле де Росси пенльтиді сәтті орындады. 52 минутта Мусса Марега гол соғып, алаң иелерін алға шығарды.

Екі ойындағы есеп бойынша командалар тең түскеннен кейін қосымша уақыт белгіленді. VAR қайталауынан кейін бас төреші қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. Алекс Теллес командасына жеңіс сыйлаған голды соқты.

Айта кетейік, кеше "Аякс" пен "Тоттенхэм" ширек финалға шыққан болатын. Қалған төрт команда келесі аптада белгілі болады.