Бүгін Чемпиондар Лигасының ширек финалына шығатын соңғы командалар анықталады. «Қызыл сойқандар» өз алаңында «Олимпиакосты» қабылдаса, ресейлік «Зенит» дортмундтық «Боруссияда» қонақта болады.
«Боруссия д» (Германия) – «Зенит» (Ресей)
Алғашқы кездесуде Юрген Клопп шәкірттері «Зенитті» Санкт-Петербургте 2:4 есебімен жеңіп кеткен болатын. Одан кейін ресейлік команда да үлкен өзгерістер орын алды. Бас бапкер Лучано Спалетти қызметінен босап, оның орнына Андре Вилаш-Боаш қызметке келді деген ақпараттар тарады. Дегенмен бүгін команданы Сергей Семак бастап барады.
Соңғы кездесулерінде екі ұжым да жеңіліс тапты. Юрген Клопп командасы өз алаңында менгладбахтық «Боруссияға» есе жіберсе, «Зенит» сырт алаңда «ЦСКА»-ға ұтылды.
Сонымен қатар, алаң иелері қатарынан Невен Суботич, Якуб Блащиковский, Свен Бендер және Илкай Гюндоган ойынға шықпайды. Бас бапкер Марко Ройсты да ескі жарақатына байланысты ойынға қатыстырмауы мүмкін. Ал қонақтар қатарынан Кристиан Ансальди мен Андрей Аршавин кездесуге қатыспайды.
Алғашқы кездесуден кейін «Боруссияның» келесі кезеңге өту мүмкіндігі мол. Сондықтан да аса тартысты кездесу орын алмауы ықтимал. Түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Боруссия Д» жеңісіне – 1,32 коэффициент, тең ойынға – 5,9 коэффициент, «Зенит» жеңісіне – 7,96 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:2 болады деген болжамдар жасалуда.
«Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Олимпиакос» (Грекия)
Манкуниандық команда басынан ең сәтсіз маусымын өткізуде. Ал бас бапкер Дэвид Мойес үшін нағыз сын сағаты тақалғандай. Алғашқы кездесуде грекиялық ұжымға 2:0 есебімен ұтылғаннан кейін ширек финал жолдамасы «қызыл сойқандардан» алыстай түскен-ді. Дегенмен «Манчестер Юнайтедте» бүгін есе қайтаруға мол мүмкіндік бар. Егер қайтара алмай жатса, Дэвид Мойес қызметтен кетуі ғажап емес.
Алғашқы кездесуден кейін «Олимпиакос» қарымта кездесуге қызу дайындығын бастап кетті. Соның салдарынан (қосалқы құраммен) 4 ай бойы жеңілмей келе жатқан клуб екі рет жеңіліске ұшырады. Ал соңғы кездесуін «Пантракикосқа» қарсы өткізіп, чемпиондық атақты иеленетініне көз жеткізді. Сондықтан да грекиялық команданы осал деп айтуға келмейді.
Соңғы кездесуінде манчестерлік команда «Ливерпульден» өз алаңында ойсырай ұтылды. Сол кездесуден кейін бас бапкер мен Райан Гиггз арасында келіспеушілік орын алған көрінеді. Егер бүгін «МЮ» жеңістен қолдан берсе, Дэвид Мойес орнын Райан Гиггз басуы бек мүмкін.
Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Манчестер Юнайтед» жеңісіне – 1,50 коэффициент, тең ойынға – 4,33 коэффициент, «Олимпиакос» жеңісіне – 6,0 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:1 болады деген болжамдар жасалуда. Ал ширек финалға өту болжамы бойынша, алаң иелеріне – 2,75, қонақтарға – 1,40 коэфициент беруде.
Жанкүйер қауым асыға күткен кездесулерді «КТК» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: footballtop.ru