Чемпиондар лигасы. Мессиге де кезек келді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. Мессиге де кезек келді

Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі төртінші турының екінші күніндегі ойындар өтеді. Ал біз әдеттегідей, шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Атлетиктің» соңғы мүмкіндігі

Бүгін бильбаолық «Атлетик» өз алаңында «Портуға» есе жіберер болса, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен өте алмайтын болады. Тек үшінші орын үшін «БАТЭ»-мен Еуропа лигасына берілер жолдамаға талас жүргізе алады. Португалиялық клуб жеңіске жетсе, кешегі дортмундтық «Боруссия» мен мадридтік «Реал» секілді топтан шығу мәселесін шешіп алатын болады. Спорт сарапшылары бұл ойында екіден көп гол соғылады деп болжауда.

«Шахтер» қандай есеппен жеңеді?

Үшінші турда «БАТЭ» командасын 7:0 есебімен жеңген донецкілік клубтың бүгін де жеңіске жететініне шүбә келтірушілер аз. Ал қонақ команда жанкүйерлері болса, бас бапкеріне үміт артуда. Ойын жүйесіне өзгеріс қажет екенін ескертуде. Егер бүгін «БАТЭ» тағы да ірі есеппен жеңілер болса, жанкүйерлерінің алдында салы суға кетері анық.

Донецкілік клуб өз алаңындағы ойындарын Львовтың стадионында өткізуде. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, команда алдағы уақытта осы қаланың намысын қорғауы да мүмкін екен.

«Бавария» бүгін топтан шығуға талпынады

Мюнхендік клуб бүгін өз алаңында «Романы» жеңер болса, кейінгі ойындарда топтан шығу туралы бас ауыртпайтын болады. Екі апта бұрын Римдегі есепті еске түсерер болсақ, Хосеп Гвардиола шәкірттерінің мықтылығын мойындаймыз. Руди Гарсия жаттықтыратын ұжым «Баварияның» 15 ойын қатарынан жеңілмей келе жатқан сериясына нүкте қояуы екіталай.

«Манчестер Сити» - айқын фаворит!

Осыдан екі апта бұрын Мәскеуде «ЦСКА»-мен ұпай бөліскен ағылшындық клуб еліне бас бармағын бүгіп, тісін қайрап қайтқан еді. Бүгінгі ойындағы ұпайдың маңызды екенін білетін «Манчестер Сити» өз алаңында атой салары сөзсіз. Мануэль Пеллегрини шәкірттері Чемпиондар лигасындағы соңғы 11 ойынның 3-еуінде ғана 3 голдан аз соққан. Қалған ойындарында ірі есеп нәтижелері тіркелген.

«Марибор» «Челсиден» ұпай алып қала ма?

Чемпиондар лигасының осы маусымдағы әлсіз командаларының бірі болып словениялық «Марибор» саналған-ды. Бірақ, клуб топтық кезеңде нашар өнер көрсетіп жатқан жоқ. Ойын жүйесі де «Челсидікі» секілді. Қорғанысқа баса мән береді. Десе де бұл маусымда жеңілістің дәмін татпай келе жатқан Жозе Моуриню шәкірттерінен айла асыру оңай болмасы анық. Егер кешегі «Андерлехт» ерлігін қайталап жатса, тосын сый болары даусыз.

«Спортинг» есесін қайтара ма?

Үшінші турда Гельзенкирхенде «Шалькеге» 4:3 есебімен жеңілген лиссабондық клуб бүгін сол есесін қайтаруға барын салмақ. Тағы бір айта кететіні, сол ойындағы ресейлік қазы Сергей Карасевтің соңғы минуттағы қателігі алаң иелеріне жеңіс сыйлаған-ды. Кейіннен «Спортинг» УЕФА-ға шағым түсіргенмен, ойынды қайта ойнауға шешім шығармады. Ал Роберто Ди Маттео келгелі ойыны түзеліп келе жатқан «Шалькені» тағы бір сын күтіп тұр. Өйткені, алаң иелері бүгін ұпай еншілемесе, кеш боларын жақсы біледі.

«ПСЖ» топтан шығуды ерте көздейді

«F» тобындағы екі жолдама о бастан «ПСЖ» мен «Барселона» командаларына тиесілі деп күтілген еді. Екі клуб та бұл үддеден шығып келеді. Бүгін париждік ұжым «АПОЭЛ» командасын, каталондық «Барселона» түзде «Аяксты» жеңер болса Златансыз өнер көрсетіп жүрген ұжым топтан шығу мүмкіндігіне ие болады.

Мессиге кезек келді

Бүгін Лионель Месси «Аяксқа» қарсы ойында хет-трик авторы атанып жатса, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанатын болады. Бұл жетістік кеше Криштиану Роналдудан күтілген еді. Бірақ, «Ливерпуль» командасы Бенземаға гол соғуға мүмкіндік бергенмен, Роналдуға гол соғуға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, аргентиналық сұрмерген бүгін Чемпиондар лигасындағы 90-шы ойынын өткізеді. Ал Хави алаңға шығар болса, Икер Касильяспен қатар, бұл додадағы ең көп ойын өткізген ойыншы ретінде иық теңестіреді.

Барлық кездесулер Астана уақытымен түнгі 01:45-те басталады.

Сурет: nusport.nl, sports.ru, AFP