Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі барлық бірінші ойындар аяқталды. Ағылшындық «Манчестер Сити» Киевте «Динамоны» ұтса, Эйндховендегі «ПСВ» мен мадридтік «Атлетико» арасындағы ойында тең есеп тіркелді.
Мануэль Пеллегрини жаттықтыратын «Манчестер Сити» ширек финалға бір табан жақындады. Ағылшындық ұжым Киевте жергілікті «Динамоны» 3:1 есебімен ұтты. Бірінші таймда Серхио Агуэро мен Давид Сильва гол соқса, ойын соңына қарай Яя Туре есепті еселеді. Ал украиналық клуб сапынан бір голды Виталий Буяльский соқты. Қос ұжым арасындағы қарымта 16 наурыз күні өтеді.
Эйндховенде өткен «ПСВ» мен мадридтік «Атлетико» арасындағы ойында есеп ашылмады. 68 минутта алаң иелері 10 ойыншымен қалды. Ал қонақтар болса кездесу соңына дейін ойыншы саны бойынша басымдықтарын таныта алмады. Қарымта ойын 16 наурызға жоспарланған.